
Сеул, 2026 жыл – Қазақстан Республикасының Корея Республикасындағы Елшісі Асет Исенали Кореяның шетелдік инфрақұрылым және қалалық даму корпорациясының (KIND) Президенті Ким Пок-хванмен кездесу өткізді. Кездесу барысында тараптар Alatau City жаңа қаласын дамыту бойынша одан әрі ынтымақтастық перспективаларын, сондай-ақ көлік-логистикалық инфрақұрылым саласындағы өзара іс-қимыл және бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады.
Келіссөздер барысында корей тарапымен бірлесіп Alatau City жобасын ілгерлету мүмкіндіктері қарастырылды. Атап айтқанда, жоспарлау, пилоттық аудандарды дамыту, инвестициялар тарту, озық корейлік smart-city системасын енгізу, цифрлық инфрақұрылымды дамыту және заманауи урбанистикалық тәсілдерді қолдану мәселелеріне назар аударылды.
KIND Қазақстандағы инфрақұрылымдық және девелоперлік жобаларды дамыту мен іске асыруда жүйелі серіктес ретінде ұзақ мерзімді стратегиялық әріптестік орнату перспективаларына ерекше мән берілді.
Қазақстан Елшісі Alatau City Орталық Азиядағы жаңа перспективалы жобаларының бірі ретінде қарастырылатынын атап өтті. Жоба заманауи, технологиялық және жайлы қалалық ортаны қалыптастыруға, сондай-ақ жоғары инвестициялық тартымдылыққа ие жаңа даму моделін құруға бағытталғанын айтты.
Сонымен қатар, Қазақстанда қабылданған Алатау қаласын құру туралы Конституциялық заңның маңыздылығы атап өтілді. Аталған заң қаланың жедел дамуына, халықаралық инвестицияларды тартуға және заманауи басқару тетіктерін енгізуге қажетті институционалдық және құқықтық негіз қалыптастырады.
Тараптар сондай-ақ Қазақстанның көлік-логистикалық инфрақұрылымын дамыту жобаларына KIND корпорациясының қатысу перспективаларын, оның ішінде Орта дәлізді дамыту және Транскаспийлік өзара байланыстылықты кеңейту бастамаларын талқылады.
KIND Президенті Ким Пок-хван корей тарапының Қазақстанмен ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге және қалалық даму, инфрақұрылым, логистика және инвестициялар салаларында бірлескен жобаларды іске асыруға мүдделі екенін растады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан Республикасы Президентінің Корея Республикасына алдағы мемлекеттік сапарына практикалық нәтижелер дайындау мақсатында перспективалы бастамаларды бірлесіп пысықтауды жалғастыру туралы уағдаласты.