
Сеул, 2026 ж. 18 наурыз – ЮНЕСКО мен «Орталық Азия – Корея Республикасы» ынтымақтастық форумының Хатшылығының қолдауымен «Nauryz Traditions Along the Silk Roads» атты кітаптың тұсаукесері өтті.
Іс-шараға дипломаттар, іскер топтардың өкілдері, ғылыми қауымдастық, мәдени ұйымдар өкілдері, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысты.
Әртүрлі елдерден шыққан 25 автор қатысуымен дайындалған бұл кітапта Наурыздың көктемгі жаңару, бейбітшілік, гүлдену және табиғатпен үйлесімділік мерекесі ретіндегі маңыздылығы ашылып, Еуразия халықтары арасында сақталған бай дәстүрлері ұсынылған.
Қазақстан Елшісі Нұрғали Арыстанов өзінің құттықтау сөзінде Наурыздың Қазақстанның мәдени және рухани өмірінде ерекше орын алатынын және оның жаңаруды, бірлікті, дәстүрлердің сабақтастығын және табиғатқа құрмет көрсетуді білдіретінін атап өтті. Ол Наурыз мерекесінің ЮНЕСКО-ның адамзаттың материалдық емес мәдени мұра тізіміне енгізілуі Еуразия мемлекеттерінің мәдени ортақтығы мен ынтымақтастығының айқын көрсеткіші екенін айтты.
Қазақ дипломаты сондай-ақ Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы саяси, экономикалық және мәдени салалардағы қатынастардың серпінді дамып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, алда өтетін алғашқы «Орталық Азия – Корея Республикасы» саммиті, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 ж. қыркүйектегі Сеулге сапары екіжақты ынтымақтастыққа одан әрі серпін беріп, ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.
Сондай-ақ Елші 2026 жылғы 15 наурызда өткен Қазақстанның жаңа Конституциясы бойынша республикалық референдумның қорытындылары туралы айтып берді. Ол Қазақстан халқының жаңа Конституцияны қолдағанын және бұл ел болашағы үшін қоғамның жоғары азаматтық белсенділігін, бірлігі мен жауапкершілігін көрсеткен маңызды қоғамдық-саяси оқиға болғанын атап өтті. Оның айтуынша, референдум қорытындылары Қазақстанды одан әрі жаңарту мен жаңғыртудың жаңа кезеңін айқындады.
Өз сөздерінде Орталық Азия елдерінің Елшілері, Korea Heritage Service әкімшісінің орынбасары Чхве Бо Гын (Choi Bo-geun) және «Корея – Орталық Азия» ынтымақтастық форумының Хатшылығының атқарушы директоры Ли Чон Гук (Rhee Jong Kook) Наурыздың өңір халықтарын ортақ тарихи және рухани құндылықтар негізінде біріктіретінін атап өтті. Сондай-ақ мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың маңыздылығы атап көрсетілді.
Жалпы, «Nauryz Traditions Along the Silk Roads» кітабының тұсаукесері Қазақстан, Орталық Азия елдері және Корея Республикасы арасындағы мәдени диалогты одан әрі дамытудың маңызын айқындаған маңызды оқиға болды.