Сеул қаласында Қазақстанның туристік мүмкіндіктері талқыланды

Сеул қаласында Қазақстанның туристік мүмкіндіктері талқыланды

2026 жылғы 4 наурызда Сеул қаласында Қазақстанның туристік әлеуетін талқылауға арналған іс-шара өтті. Іс-шараға Корея Республикасының жетекші туристік операторлары қатысты.

Кездесу барысында SCAT Airlines әуе компаниясы мен Қазақстанның туристік бағыттарына арналған презентациялар ұсынылды. Атап айтқанда, SCAT Airlines әуе компаниясының өкілі Андрей Цыганков Оңтүстік Кореяға рейстер санын кеңейту жоспарлары туралы айтып берді.

Іс-шараға қатысушыларға арнаған құттықтау сөзінде Қазақстанның Корея Республикасындағы Елшісі Нұрғали Арыстанов корейлік саяхатшылардың Қазақстанға деген қызығушылығының артып келе жатқанын атап өтіп, туризм, көлік және гуманитарлық байланыстар салаларында екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың маңыздылығын айтты.

Елші тарихи-мәдени мұрасы бай, бірегей табиғи ландшафттарға ие және қарқынды дамып келе жатқан экономикасы бар Қазақстан туристік және іскерлік сапарлар үшін барған сайын тартымды бағытқа айналып келе жатқанын атап өтті. Туристік алмасуларды дамытуда Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы тікелей әуе қатынасының кеңеюі ерекше рөл атқарады.

Қазіргі уақытта екі ел арасында қысқы маусымда аптасына 11 рейс, ал жазғы кезеңде аптасына 20 рейске дейін орындалады. Әуе қатынасы Алматы, Астана және Шымкент қалаларын Сеул және Пусан қалаларымен байланыстырып, шетелдік туристер үшін елдің көлік қолжетімділігін арттыруға және іскерлік байланыстардың дамуына ықпал етеді.

Іс-шара барысында Инчхон – Шымкент бағытындағы тікелей рейстің табысты жұмыс істеуіне ерекше назар аударылды. Қазіргі уақытта бұл рейс аптасына екі рет орындалып, жақын уақытта рейстер санын аптасына үшке дейін арттыру мүмкіндігі қарастырылуда.

Өзара туристік алмасудың оң динамикасы атап өтілді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанға Корея Республикасынан шамамен 51 мың турист келген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 26%-ға көп. Өз кезегінде, шамамен 65 мың Қазақстан азаматы Корея Республикасына барып, бұл көрсеткіш 18%-ға артқанын көрсетеді.

Туристік ынтымақтастықтың одан әрі дамуы екі ел арасындағы белсенді саяси диалог аясында жүзеге асып жатқаны атап өтілді. Осы тұрғыда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы қыркүйекте өтетін C5+K форматы саммитіне қатысу үшін Корея Республикасына жоспарланған сапарының маңыздылығы атап өтілді. Бұл сапар Қазақстан мен Корея арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі дамытуға, оның ішінде экономикалық, гуманитарлық және туристік байланыстарды кеңейтуге айтарлықтай серпін береді деп күтілуде.

Сонымен қатар қатысушыларға 2026 жылғы 15 наурызда Қазақстанның жаңа Конституциясы бойынша өткізілетін алдағы референдум туралы ақпарат ұсынылды. Аталған бастама еліміздің саяси жүйесін елеулі жаңғыртуға бағытталған.