
Сеул, 2026 жылғы 11 ақпан – Сеул қаласында Қазақстан Елшісі Нұрғали Арыстановтың Орман шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Азия ұйымының (AFoCO) Атқарушы директоры Пак Чонхомен кездесуі өтті.
Кездесу барысында тұрақты орман пайдалану, орманды қалпына келтіру және технологиялар трансферті салаларындағы ынтымақтастықтың перспективалары, сондай-ақ көпжақты форумдар аясындағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.
Осы орайда Елші AFoCO басшысына 2026 жылғы 22–24 сәуірде Астана қаласында өтетін Өңірлік экологиялық саммитке шақыруды табыстап, алдағы іс-шараның экология және тұрақты даму саласындағы практикалық шешімдерді ілгерілетуге арналған маңызды алаң ретіндегі мәнін атап өтті.
Іс-шара Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен өткізілетіні айтылды. Мемлекет басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясында сөйлеген сөзінде қоршаған ортаны қорғау және климаттық сын-қатерлерге жауап беру бойынша халықаралық күш-жігердің маңызын атап өткен болатын. Сондай-ақ қазақ дипломаты табиғатқа ұлттық құндылық ретінде ұқыпты қарауды қалыптастыруға бағытталған «Таза Қазақстан» жобасы туралы қысқаша мәлімет берді.
AFoCO басшысы Қазақстанмен ынтымақтастықты одан әрі дамытуға қызығушылық білдіріп, бірлескен бастамаларды қолдауға және практикалық тәжірибемен бөлісуге, оның ішінде кадрлық әлеуетті арттыру бағдарламаларына қатысты дайын екенін жеткізді.
Кездесу барысында бірқатар бағыттар бойынша өзара іс-қимылдың оң динамикасы расталды. Атап айтқанда, біліктілікті арттыру, тәлімгерлерді даярлау (Train-the-Trainers) бағдарламасы, «ноу-хау» және тәжірибе алмасу, соның ішінде орман өрттерінің алдын алу және оларды сөндіру мәселелері бойынша ынтымақтастық атап өтілді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бірлескен жұмысты жалғастырып, жаңа бастамаларды іске асыру ниетін растады.
Айта кеткен жөн, Қазақстан 2019 жылғы 4 қазаннан бастап AFoCO ұйымының мүшесі болып табылады. Қазақстанда AFoCO қолдауымен Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында есепке алынбаған ормандарды түгендеу және орман деректерін цифрлық басқаруды енгізу, орман питомнигі кешенін құру, сондай-ақ Абай облысында өрттен зардап шеккен аумақтарда ормандарды қалпына келтіру жобалары жүзеге асырылуда. Сонымен қатар орман өрттерінің алдын алу және сөндіру бойынша құзыреттерді арттыруға басымдық берілуде.
Жалпы алғанда, AFoCO қатысушы елдерде ормандарды қалпына келтіру және кадрлық әлеуетті дамыту жобаларын іске асырады. 2024 жылы ұйымның жобалық портфелінің жиынтық құны 235 млн АҚШ доллары деңгейінде бағаланды, ал 2014–2025 жылдары оқыту бағдарламалары аясында 136 курс өткізіліп, оған мемлекеттік органдар мен жергілікті қауымдастықтардың 27 мыңнан астам өкілі қатысты.