Сеулде Қазақстан Президентінің елді жаңғыртудың жаңа кезеңі туралы сұхбаты талқыланды

Сеулде Қазақстан Президентінің елді жаңғыртудың жаңа кезеңі туралы сұхбаты талқыланды

Сеул, 2026 жылғы 12 қаңтар – Сеул қаласында Қазақстан Елшісі Нұрғали Арыстановтың «Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясаты және Корея Республикасымен қатынастардың дамуы» тақырыбында дәрісі өтті.

Іс-шара Корея мәдениет қауымдастығының қолдауымен болашақ дипломаттарды даярлау тренингі аясында ұйымдастырылды. Дәріске халықаралық қатынастар мен дипломатияға қызығушылық танытқан Корея Республикасының орта және жоғары сыныптарында оқитын шамамен 80-нен астам оқушы – болашақ жас көшбасшылар қатысты.

Өз сөзінде қазақ дипломаты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Turkistan» газетіне берген «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» атты сұхбатында көтерілген негізгі бағыттарға жан-жақты тоқталды. Атап айтқанда, Мемлекет басшысының 2026 жылды Қазақстанның ұзақ мерзімді дамуы үшін бетбұрыс кезең ретінде айқындағанын атап өтті. Тұрақты экономикалық өсімге, инфрақұрылымды ауқымды жаңғыртуға, Қазақстанды өңірлік логистикалық хаб ретінде қалыптастыруға, сондай-ақ 2026 жылдың Жасанды интеллект жылы деп жариялануына байланысты цифрландыру мен жасанды интеллектті дамыту басымдықтарына ерекше назар аударылды.

Сонымен қатар, Президенттің ауыл шаруашылығы, көлік, инфрақұрылым және логистика салаларына озық технологияларды енгізу жөніндегі бастамалары айтылды. Осы тұрғыда Alatau City жобасын қоса алғанда, «ақылды қалалар», жасыл бастамалар және туризмді дамыту шаралары таныстырылды.

Елші Арыстанов сұхбатта белгіленген жаңғырту бағыттарының Корея Республикасының тәжірибесі мен стратегиялық басымдықтарымен үндес келетінін атап өтіп, бұл цифрландыру, инновациялар, жасыл энергетика, орнықты даму және урбанистика салаларында екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуге зор мүмкіндік ашатынын жеткізді. Ол Қазақстан мен Корея күш-жігерінің синергиясы екіжақты қатынастарды сапалы жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді.

Дәріс барысында Елші Қазақстанның бейбітшілік, дінаралық диалог және өзара құрмет қағидаттарына берік екенін де тілге тиек етті. Осы контексте корей буддалық Чогие орденінің өкілдері тұрақты түрде қатысып келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің маңыздылығы ерекше атап өтілді.

Іс-шара аясында қатысушыларға Қазақстан туралы туристік бейнеролик көрсетіліп, ақпараттық журналдар мен туристік жолсілтемелер таратылды. Дәрістен кейін сұрақ-жауап сессиясы өтті.

Іс-шараның шығармашылық бөлігі ерекше назар аудартты. Оқушылар алдын ала Қазақстанға қатысты өз көзқарастарын дайындап, мәдениет, тарих, сыртқы саясат және туристік әлеует тақырыптарында топтық презентациялар ұсынды. Әр топ өз бағытын Елшіге таныстырып, кездесуді мазмұнды түрде одан әрі жандандыра түсті, сондай-ақ оқушылардың дайындық деңгейі мен белсенділігін айқын көрсетті.

Сұрақ-жауап сессиясы барысында қатысушылар түрлі тақырыптар бойынша терең білімін көрсетті. Талқылау ұлттық бірегейлік пен мемлекеттік рәміздер, этномәдени және діни әралуандылықтың қоғамдық келісімді нығайтудағы рөлі, сондай-ақ этникалық корейлердің Қазақстан қоғамының дамуына қосқан үлесі және олардың Қазақстан мен Корея арасындағы «алтын көпір» ретіндегі маңызына арналды.

Аталған іс-шара Қазақстан мен Корея арасындағы өзара түсіністікті тереңдетуге, сенім мен достық атмосферасын нығайтуға, сондай-ақ екі ел арасындағы жастар мен білім беру саласындағы алмасуларды дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашты.