
Сеул, 2025 жылғы 3 желтоқсан – Сеул қаласында белгілі корей жазушысы және саяхатшы Со Бён Ён әзірлеген «Travel Kazakhstan» туристік жолсілтемесінің таныстырылымы өтті.
Іс-шараға мемлекеттік мекемелердің өкілдері, сарапшылар қауымдастығы, туризм индустриясы мен БАҚ мүшелері, сондай-ақ Қазақстанның достарын қосқанда 70-тен астам қонақ қатысты.
Құттықтау сөзінде Қазақстан Елшісі Нұрғали Арыстанов аталған кітаптың жарық көруі корей аудиториясы арасында Қазақстанның туристік әлеуетін ілгерілетуге қосылатын маңызды үлес екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл басылым өзара сапарлардың өсуіне және екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстардың нығаюына ықпал етеді.
Қазақ дипломаты туристік алмасулар бойынша өзекті статистиканы да келтірді. 2025 жылдың алғашқы тоғыз айында Қазақстанға Кореядан 41 400 турист келген, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20% көп. Сол кезеңде Кореяға 46 500 қазақстандық барған, бұл 12% өсімді көрсетеді.
Сеул қалалық кеңесінің депутаты Айсулуу Аширалиева да құттықтау сөз сөйлеп, Корея қоғамының Қазақстан мен Орталық Азия елдеріне деген қызығушылығы жылдан жылға артып келе жатқанын тілге тиек етті. Ол жаңа басылым халықтарымызды жақындатуға және өзара сапарларды ынталандыруға маңызды үлес қосатынына сенім білдірді.
Кітап авторы Со Бён Ён басылымның негізгі мазмұнын таныстырып, Қазақстан жайлы өзінің әсерлерімен бөлісті. Оның сөзінше, бұл кітап корейлік туристерге Қазақстанды заманауи, қонақжай әрі қызықты туристік бағыт ретінде жаңаша ашуға көмектеседі.
Іс-шара барысында сұрақ-жауап сессиясы өтіп, одан кейін автор қонақтарға арналған автограф-сессиясын өткізді.
Мәдени бағдарлама жас қазақстандық домбырашы Милана Базарованың өнерімен әрленді. Ол «Тепеңкөк» және «Балбырауын» атты екі танымал күйді орындады.
Жалпы, қатысушылар Қазақстанға айрықша қызығушылық танытып, «Travel Kazakhstan» жолсілтемесі алдағы уақытта да екі ел арасындағы туризмді дамытуға үлес қоса беретініне сенім білдірді.