
Сеул, 2025 жылғы 23 қазан – Сеул қаласында өткен Орталық Азия – Корея Республикасы ынтымақтастық форумы Хатшылығының 16-шы Атқарушы комитетінің отырысы аясында өңір елдері мен Корея Республикасы арасындағы серіктестікті нығайту мәселелері талқыланды.
Іс-шараға Корея Республикасы Сыртқы істер министрлігінің, Форум Хатшылығының және Орталық Азия елдері Елшіліктерінің өкілдері қатысты. Күн тәртібінде 2025 жылғы Хатшылық жұмысының қорытындылары және 2026 жылға арналған негізгі басым бағыттар, соның ішінде Орталық Азия – Корея Республикасы бірінші Саммитіне дайындық мәселелері қамтылды.
Форум хатшылығының Атқарушы директоры Ли Джон Гук өз есебінде Сеул мен Кванджуда өткен Орталық Азия мәдениеті күндері сияқты мәдени-гуманитарлық бастамалардың сәтті іске асқанын, сондай-ақ туризм мен ақпараттық-коммуникациялық технологиялар салаларындағы бірлескен жобалардың дамып келе жатқанын атап өтті. Ол 2026 жылы өңірлік серіктестікті тереңдетуге бағытталған нақты бастамаларға басымдық берілетінін айтты.
Қазақстан Елшісі Нұрғали Арыстанов Форумның өзара сенімді нығайту және практикалық ынтымақтастықты ілгерілету үшін тиімді алаңға айналғанын атап өтті. Оның айтуынша, алдағы 2026 жылғы Саммит серіктестікті дамытудың маңызды кезеңі болып, Орталық Азия – Корея өзара іс-қимылына тың серпін береді.
Корея Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Солтүстік-Шығыс және Орталық Азия істері жөніндегі департаменті Бас директорының орынбасары Нам Джин өңір елдерімен сындарлы және тығыз ынтымақтастықты жоғары бағалады.
Жалпы алғанда, қатысушылар Хатшылықтың қоғамдық дипломатияны ілгерілетудегі және көлік пен логистика, энергетика, өнеркәсіпті жаңғырту мен әртараптандыру, климаттың өзгеруі мен экология, денсаулық сақтау, білім беру және мәдениет салаларындағы ынтымақтастықты дамытудағы үлесін атап өтті.