Сеулде Республика күніне арналған дөңгелек үстел өтті

Сеулде Республика күніне арналған дөңгелек үстел өтті

Сеул, 2025 жылғы 21 қазан — Сеулде Республика күніне орай дөңгелек үстел өтті. Іс-шара «Қазақстан мен Оңтүстік Корея: кеңейтілген стратегиялық серіктестікті дамыту» тақырыбында ұйымдастырылды.

Дөңгелек үстелге Корея Республикасының дипломатиялық, академиялық және іскер топтарының өкілдері, сондай-ақ журналистер мен студенттер қатысты. Құрметті қонақтар қатарында Aju News Corporation медиа тобының Президенті және Қазақстан–Корея достық қауымдастығының Төрағасы Квак Ён Гиль, Орталық Азия – Корея Республикасы ынтымақтастық форумы Хатшылығының Атқарушы директоры Ли Джон Гук, Корея Губернаторлар қауымдастығының (GAROK) Халықаралық дипломатия басқармасының Басшысы Ха Тэ Ёк, Кореяның Қазақстандағы бұрынғы Елшілері Ким Дэ Сик пен Пэк Джу Хён, The Korea Herald газетінің Президенті Ким Ён Сам, Орталық Азия – Корея Республикасы достық қауымдастығының Төрайымы Ли Ок Рён, Сеул медиа технологиялар институтының (SMIT) Президенті Хи Хан, Ханкук шет тілдер университетінің профессорлары мен зерттеушілері, іскерлік орта, құқық, медиа және мәдени ұйым өкілдері болды.

Қазақстан Елшісі Нұрғали Арыстанов өз сөзінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Республика күні — халқымыздың ғасырлар бойғы тәуелсіздік пен мемлекеттілік туралы арманын бейнелейтін символ» деген сөздерін келтірді. Ол тәуелсіздік жылдарында Қазақстан экономика, дипломатия, инновация және әлеуметтік салада айтарлықтай жетістіктерге жеткенін атап өтті.

Елші Мемлекет басшысы іске асырып жатқан елдің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттары туралы айтып өтті, оның ішінде жасанды интеллектті дамыту, су үнемдеу технологияларын енгізу, «ақылды қалалар» салу және Парламент реформасы мәселелеріне тоқталды.

Нұрғали Арыстанов Қазақстан мен Корея арасындағы кеңейтілген стратегиялық серіктестіктің маңызын ерекше атап өтіп, саяси диалогтың, экономикалық ынтымақтастықтың және гуманитарлық алмасулардың тұрақты өсіп келе жатқанын жеткізді.

2025 жылғы 15–16 қазан Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев бастаған қазақстандық делегацияның табысты сапары өтіп, онда жаңа инновациялық жоба — Alatau Smart City қаласының кең мүмкіндіктері таныстырылғаны айтылды.

Корея Республикасы Қазақстанның ең ірі үш шетелдік инвесторының бірі әрі ең ірі он сауда серіктесінің қатарында екені атап өтілді. Қазақстанда Shinhan Bank, BNK Bank, Hyundai, KIA, Samsung Electronics секілді ірі компаниялар табысты жұмыс істеуде. Елші 2025 жылы іске қосылған жаңа бірлескен жобалар туралы да хабарлады: Қостанайдағы KIA зауыты, Алматыдағы Open Healthcare медициналық орталығы және Samsung Electronics тұрмыстық техника өндірісі.

Адамдар арасындағы байланыстар саласында да айтарлықтай өсім байқалады: екі ел арасындағы әуе рейстері аптасына 20-ға дейін артты. 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында өзара сапарлар саны айтарлықтай өсті: Қазақстанға Корея Республикасының азаматтары 28%-ға көп — 17 202 адам келсе, Кореяға Қазақстан азаматтары 19,4%-ға артық — 37 737 адам барған.

Дөңгелек үстел барысында қатысушылар аймақтық, ғылыми және білім беру деңгейіндегі ынтымақтастықтың перспективалары туралы пікір алмасты. GAROK ұйымының атынан сөйлеген Елші Ха Тэ Ёк өңіраралық дипломатияның маңыздылығын атап өтіп, 2025 жылғы қыркүйекте Түркістанда өткен Орталық Азия мен Корея өңірлері ынтымақтастық форумының табысты өткенін айтты.

Қатысушылар Қазақстан халқын Республика күнімен құттықтап, елдің тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерін жоғары бағалады және стратегиялық серіктестіктің одан әрі дамуы Қазақстан мен Корея арасындағы тұрақтылықты, өркендеуді және достықты нығайта түсетініне сенім білдірді.