Сеул, 2025 жылғы 11 маусым – Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясында Қазақстан Елшісі Нұрғали Арыстанов «Қазақстан – Корея» парламентаралық достық тобының Төрағасы Пак Хон Гынмен кездесті. Сұхбат барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылап, екі ел арасындағы кеңейтілген стратегиялық серіктестікті одан әрі тереңдетуге өзара қызығушылық бар екенін растады.
Қазақ дипломаты Пак Хон Гынды Корея Республикасының Президенті лауазымына Ли Чжэ Мённың сайлануымен құттықтап, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен жаңа корей басшысы арасындағы саяси диалог екіжақты жан-жақты ынтымақтастықтың тұрақты дамуына серпін беретініне сенім білдірді.
Кездесу барысында 2024 жылғы қазанда Спикер У Вон Шиктің Қазақстанға жасаған сапарына ерекше назар аударылды. Бұл іс-шараның парламенттік дипломатияны дамытудағы маңыздылығы атап өтілді. «Орталық Азия – Корея Республикасы» форматындағы Парламент спикерлерінің конференциясын жалғастыру өңірлік өзара іс-қимыл үшін маңызды екені айтылды.
Сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың оң динамикасы атап өтілді. Корея Республикасы – Қазақстанның әлемдегі негізгі сауда және инвестициялық серіктестерінің бірі.
Сонымен қатар, гуманитарлық саладағы, атап айтқанда білім беру және мәдениет салаларындағы өзара іс-қимылды кеңейту перспективалары талқыланды. Елші Арыстанов қазіргі уақытта Корея университеттерінде шамамен 1300 қазақстандық студент білім алып жатқанын айтты. Ауқымды бастамалар қатарында Қызылордада Жасанды интеллект мектебінің ашылуы, 2025 жылғы қыркүйекте Түркістанда Woosong университетінің филиалын ашу және Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің Dong-Eui университетімен серіктестігі ерекше атап өтілді.
Кездесу барысында Қазақстан мен Корея арасындағы көлік байланыстарын дамыту мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Бүгінгі таңда екі ел арасында аптасына 19 тікелей әуе рейсі орындалады. Бұл көрсеткішті 40 рейске дейін ұлғайту жөнінде мақсат қойылған. Бұл іскерлік, туристік және гуманитарлық алмасуларды одан әрі жандандыруға ықпал етеді.
Сонымен қатар, Пак Хон Гын генерал Хон Бом До мемориалдық қорының Төрағасы ретінде парламентаралық және гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға белсенді атсалысуға дайын екенін білдірді. Өз кезегінде Нұрғали Арыстанов корейлік депутатты Қазақстанға қолайлы уақытта келіп, қазақстандық әріптестерімен келіссөздер жүргізуге шақырды. Бұл шақыру ризашылықпен қабылданды.
Қазақстан Парламенті Мәжілісіндегі парламентаралық достық топты депутат Айдос Сарым басқаратынын атап өткен жөн.