Сеул, 2025 жылғы 4 маусым – Қазақстанның Кореядағы Елшілігі мен «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы бірлесіп, Қазақстанның туристік әлеуетіне арналған Road Show іс-шарасын өткізді.
Іс-шараға Оңтүстік Кореяның жетекші туроператорлары, әуе компаниялары, «Орталық Азия – Корея Республикасы» ынтымақтастық форумы Хатшылығы, Корея туристік агенттіктер қауымдастығы (KATA), туризм саласының сарапшылары мен екі елдің журналистері 150-ге жуық адам қатысты. Қазақстандық делегация құрамында «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы, «Almaty Tourism Bureau», «Air Astana», «SCAT» әуе компаниялары мен «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортын қоса алғанда, 10-ға жуық ұйым мен компания болды.
Қазақстан Елшісі Нұрғали Арыстанов іс-шара барысында сөз сөйлеп, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының оң серпінін атап өтті. 2024 жылы Қазақстан экономикасының өсуі 5,1%-ды құрап, тікелей шетелдік инвестициялар көлемі рекордтық деңгейге жеткенін айтты.
Сонымен қатар, қазақ дипломаты елімізде туризм саласы Мемлекет басшылығының саяси қолдауының арқасында қарқынды дамып келе жатқанын жеткізді. Ол MICE-сектордың (іскерлік іс-шаралар, конференциялар мен көрмелер) да белсенді өсіп келе жатқанын тілге тиек етті. Бұған 2025 жылғы 29–30 мамырда өткен Астана халықаралық форумы дәлел бола алады. Форумның құрметті қонақтарының бірі болып БҰҰ-ның 8-ші Бас хатшысы Пан Ги Мун қатысты және оны Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдады.
Корея Қазақстан үшін негізгі туристік нарықтардың бірі екенін атап өткен жөн. 2024 жылы Қазақстанға 40 180 корей азаматы келіп, бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 12,8%-ға артты. Сонымен қатар, ел аумағындағы орналастыру орындарында қызмет көрсетілген корейлік туристер саны 26 861 адамға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 12%-ға ұлғайды.
Қазақстанға келетін туристер ағынының артуы визасыз режимнің болуы, Алматы, Астана және Шымкент қалаларына тікелей рейстер санының аптасына 17 рейске дейін артуы, сондай-ақ Қазақстанды корей нарығында белсенді ілгерілету нәтижесінде мүмкін болды.
Road Show аясында корейлік және қазақстандық туроператорлар арасында кездесулер өтті. Іс-шара барысында Қазақстанға тікелей тұрақты рейстерді орындап жатқан Air Astana, SCAT және Eastar Jet әуе компаниялары Алматы мен Шымкент қалаларына әуебилеттерді ұтысқа салды. Сондай-ақ, іс-шараның серіктестері тарапынан «ibis Almaty Jetisu» қонақүйіне, «Oi-Qaragai» тау курортына және «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортына сертификаттар табысталды.
Сонымен қатар, Алматы қаласының Туризм басқармасы қазақстандық туроператорлармен бірлесіп, Сеулде өткен халықаралық SITF (Seoul International Tourism Fair) көрмесіне қатысып, ұлттық туристік стенд ұйымдастырды.