Қазақстан мен Корея ғарыш саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда

Қазақстан мен Корея ғарыш саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда

Тэджон, 2025 жылғы 3 маусым – Қазақстан «International Space Summit 2025» халықаралық көрмесіне ұлттық стендпен қатысып, ғарыш саласындағы соңғы жетістіктер мен жаһандық даму перспективаларын таныстырды.

Іс-шараға мемлекеттік және жеке ұйымдардың өкілдері, ғалымдар, инвесторлар мен дипломаттар қатысып, ғарыш технологияларын дамыту мен халықаралық ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын талқылады.

Қазақстан тарапынан форумға Қазақстан Елшісі Нұрғали Арыстанов, «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Қайыржан Қожаев, «Galam» ЖШС директорының орынбасары Әділсұлтан Лепес және Ионосфера институтының директоры Серік Нұрақынов қатысты.

Форумның ашылуында сөз сөйлеген қазақ Елшісі Қазақстанның ғарыш саласына шолу жасап, оның ел үшін стратегиялық маңыздылығын және одан әрі даму әлеуетін атап өтті. Сондай-ақ, ол Қазақстан аумағында орналасқан Байқоңыр ғарыш айлағы – әлемдегі ең көне және ең ірі жұмыс істеп тұрған ғарыш айлағы екенін еске салды.

Елші Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Байқоңыр ғарыш айлағының 70 жылдығына арналған бейнеүндеуінде соңғы онжылдықтарда жүзеге асырылған ауқымды ғарыш жобаларының ұлттық экономикаға қосқан үлесін атап өткенін және Байқоңырды халықаралық ынтымақтастық, ғылыми алмасу, туризм және білім беру орталығына айналдыруға ұмтылатынын жеткізді.

Сондай-ақ, Елші «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы корей компанияларымен отандық ғарыш инфрақұрылымы мен технологияларын дамыту саласында ең жоғары деңгейдегі келісімдерге сәйкес ынтымақтастықты дамытып жатқанын хабарлады. Ол Қазақстанның спутниктік байланыс сияқты негізгі бағыттарға инвестиция салуды жалғастырып жатқанын атап өтті.

Сонымен қатар, ол елде «KazSat» байланыс спутниктері мен «KazEOSat» жерді қашықтықтан зондтау спутниктері сәтті жұмыс істеп тұрғанын, олардың телекоммуникациялық инфрақұрылым мен кеңістіктік мониторинг жүйесін дамытуда маңызды рөл атқаратынын айтты.

Саммит аясында қазақстандық делегация іс-шараның негізгі ұйымдастырушыларының бірі болған Contec Space Group компаниясының Төрағасы Сон Хи Лимен кездесу өткізді. Кездесу барысында тараптар ынтымақтастық орнату мүмкіндіктерін талқылап, өзара іс-қимылдың басқа да перспективалық бағыттары бойынша пікір алмасты.

Форумға қазақстандық делегацияның қатысуы екі елдің инновациялық және жоғары технологиялық секторларда, соның ішінде аэроғарыш өнеркәсібінде серіктестікті тереңдетуге деген өсіп келе жатқан қызығушылығын растады.