Дәстүр, бірлік және көктемгі көңіл-күй: мейрамға 500-ден астам қонақ жиналды
 
Сан-Франциско, 2025 жылғы 6 сәуір — Өткен демалыс күндері Калифорния штатының Кремний алқабындағы қазақ қауымдастығы Қазақстан Республикасының Сан-Францискодағы Бас консулдығының қолдауымен Наурыз мейрамын кең ауқымда әрі жылы шыраймен атап өтті. АҚШ-тың Батыс жағалауында алғаш рет ұйымдастырылған бұл шара 500-ден астам адамды жинап, шынайы мәдениет, дәстүр және достық мерекесіне айналды.
 
Қонақтарға бауырсақ, палау, наурыз көже және басқа да ұлттық тағамдар ұсынылды. Мерекелік атмосфераны домбыраның сүйемелдеуімен орындалған күйлер мен қазақтың халық билері толықтыра түсті. Көрермендер өнерпаздардың орындауын ерекше ықыласпен қабылдап, жылы лебіздерін білдірді.
 
Көпшіліктің қызығушылығын тудырған спорттық жарыстар — арқан тарту мен ләңгі ойыны — мерекеге ерекше серпін беріп, қатысушылар мен жанкүйерлердің белсенділігін арттырды. Бұл көңілді әрі сергек жарыстар Наурыздың шынайы рухын — күш-қайратты, ептілік пен бірлікті айқын көрсетті.
 
Сондай-ақ мереке аясында Наурызға орай өткізілген онлайн шығармашылық челлендждің қорытындылары жарияланып, жеңімпаздар мен белсенді қатысушыларға ұйымдастырушылар тарапынан естелік сыйлықтармен және алғыс хаттармен марапатталды.
 
«Бұл күн барлығымыз үшін нағыз мейрамға айналды. Біз тек дәстүрлерімізді еске түсіріп қана қоймай, қауымдастық ретінде бірлігімізді де нығайттық. Қатысып, қолдау білдірген әр адамға шын жүректен алғысымызды білдіреміз» — деді ұйымдастырушылар.
 
Бұл шара тағы бір мәрте мәдени тамырларымыз бен өзара қолдаудың, әсіресе туған жерден жырақта жүргенде, қаншалықты маңызды екенін көрсетті.