
Сан-Франциско, 2026 жылғы 4 ақпан – Қазақстан Республикасының Сан Франциско қаласындағы Бас консулдығының қолдауымен, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың қатысуымен алюминий дөңгелек дискілерін өндіру жөніндегі меморандумға қол қойылды.
Жоба қазақстандық Astana Motors компаниясының, сондай-ақ халықаралық серіктестер – Кремний алқабында орналасқан «Open Element» компаниясы және кореялық Hands Corporation қатысуымен заманауи жоғары технологиялық зауыт салуды көздейді.
Ол автомобиль өнеркәсібінде локализацияны тереңдетуді, импортқа тәуелділікті азайтуды, сабақтас салаларды дамытуды және Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуетін нығайтуды қамтамасыз етеді. Жаңа кәсіпорын Қазақстанда алюминий дөңгелек дискілерін өндіру бойынша толық технологиялық циклмен, оның ішінде озық инженерлік және өндірістік шешімдерді трансферлеуді қамтитын алғашқы заманауи өндіріс болады. Шетелдік серіктестер Қазақстанның жобаны жүзеге асыру алаңы ретінде таңдалуы елдегі автомобиль өндірісінің тұрақты өсуімен байланысты екенін атап өтті.
Меморандумға қол қою рәсіміне Astana Motors негізін қалаушы Нұрлан Смағұлов, Astana Motors бас директоры Бекнур Несіпбаев, Open Element негізін қалаушы және бас директоры Мустафа Аккари, Hands Corporation директорлар кеңесінің төрағасы Сын Хен Чан, сондай-ақ Қазақстанның Автокөлік Одағының президенті Анар Макашева қатысты.
Бұл жобаны жүзеге асыру Қазақстанның тек ішкі нарық үшін ғана емес, сонымен қатар өңірлік нарықтар үшін де ірі автокомпоненттер өндірушісі және жеткізушісі рөліне көшу жөніндегі ұзақмерзімді стратегиясының бір бөлігі болып саналады.