
Бас консулдықтың қала мэриясының қолдауымен ұйымдастырып отырған бұл іс-шарасына Сан-Францискода тұратын отандастарымыз, сондай-ақ жергілікті билік өкілдері қатысты. Рәсімге қатысқан америкалық қонақтар Қазақстан халқын еліміздің басты мерекесімен құттықтап, еларалық достық қатынастардың одан әрі нығая түсетініне сенім білдіріп, Республикамызға өркендеу тіледі.
Сан-Франциско Әкімдігі кеңсесінің протокол қызметінің басшысы Пенни Коултер жиналған қауымға көк байрағымыздың тарихын баяндай отырып, оның әдемі дизайніне сүйіспеншілігін білдірді.
Салтанатты шарада отандасымыз Рауан Мейрамбекқызы Қазақстанның мемлекеттік әнұранын орындап, домбырамен терме айтып, күй тартып қонақтарды өнеріне тәнті етті.
Сондай-ақ, Бас консул Назира Нұрбаева өз сөзінде соңғы алты ай ішінде Сан-Франциско мэриясы Қазақстаннан келген жалпы саны 70 адамнан асатын үш делегацияны қабылдағанын атап өтіп, екіжақты ынтымақтастықтың жасыл энергетика, жасанды интеллект және технология салаларында қарқынды дамып келе жатқанына тоқталды.
Кремний алқабындағы қазақтар үшін Республика күні тағы бір ерекше шарамен есте қалды. Алғаш рет Кремний алқабында Қазақ Америкалық қауымдастығы құрылды. Ассоциацияның басты мақсаты - қазақ отбасыларын біріктіріп, ұлттық дәстүр мен ана тіліді сақтап, келешек ұрпақтарға жеткізу. Ұйым мүшелері енді Солтүстік Калифорнияда Қазақ мәдениетінің елшілері болмақ. Кешке жиналған қауым ұлттық дастарханнан дәм татып, қазақ ұлттық күйі мен әнін, биін тамашалады.
Сонымен қатар, Сан Франциско мэриясының ғимараты кешке Қазақстан туының түстеріне боялды. Бұл дәстүр екі ел арасындағы мәдени және дипломатиялық байланыстардың күшейіп келе жатқандығының тағы бір көрнекі белгісі болып табылады.