ҚАЗАҚТЫҢ КИІЗ ҮЙІ САН-ФРАНЦИСКОДА

ҚАЗАҚТЫҢ КИІЗ ҮЙІ САН-ФРАНЦИСКОДА

Қазақтың киіз үйі АҚШ, Сан-Франциско қаласының тұрғындарын таң қалдырды. Осымен екінші рет ұйымдастырылып отырған Түркі тілдес мемлекеттерінің фестиваліне Қазақстан атынан “Кремний алқабының Қазақ-Америкалық қауымдастығы” Сан-Францискодағы Бас консулдықтың қолдауымен қатысып отыр. Жергілікті қазақ қауымдастығы өкілдері әкеліп тіккен киіз үй фестиваль қонақтарын бей-жай қалдырмады. “Бұл - менің көшпелі халықтардың дәстүрлі киіз үйін бірінші рет көруім. Қатты ұнады, сондай ерекше, түстері қанық, іші жылы әрі үйлесімді”- деген жергілікті тұрғындар өз әсерлерімен бөлісті. Кейбіреулері Қазақстанға барып, нағыз киіз үйдің ішіне тұрып көруді армандайтынын айтты. 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестивальге екі күннің ішінде бірнеше мың адам қатысқан. Барлығы алты түркі тілдес мемлекет өкілдері, атап айтсақ, Қазақстаннан басқа Түркия, Түркменстан, Әзірбайжан, Өзбекстан мен Түрік-Татар қауымдастығының өкілдері қатысты. Түркі тілдес елдердің мыңжылдыққа созылған бай тарихы мен бірегей мәдениеті америкалықтарға қатты ұнаған секілді.

Қазақтың киіз үйі осы фестивальдің ең көп адамды тартқан орталықтарының біріне айналды. Сан-Франциско қаласындағы Бас консулдық Қазақстанның мәдениеті, тілі мен тарихына қолдау көрсететін, мәртебесін мен танымалдылығын арттыратын осындай шараларды әлі де ұйымдастыра бермек.