Меню
Страницы

АБАЙ ЖӘНЕ АЛАШ: ДӘСТҮР САБАҚТАСТЫҒЫ

Мақалада автор «дәстүр», «дәстүр сабақтастығы» ұғымдарын терең талдау негізінде қазақ халқының рухани көшбасшысы, хакім Абай шығармашылығының ағартушылық сипатын, оның ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің қалыптасуына және Алаш қайраткерлерінің тұлға болып қалыптасуына тигізген зор ықпалын зерделейді. Сонымен қатар, Абай танымын әдеби талдау және оның шығармаларын танытуы негізінде Алашордашыл қаламгерлердің ағартушылық білімі мен табандылығы баяндалады. Осылайша, олардың Абайтанудағы тұңғыш ғалымдар екені дәлелмен келтіріледі. Мақалада абайтанудағы Алаштың, алаштанудағы Абайдың жаңа Қазақстан идеологиясындағы маңызды рөлі атап өтіледі. Ғалымдардың пікірін таразылау арқылы мақала авторы таңдалған тақырыптың өзектілігін анықтайды. Қорытындылай келе, ол қазіргі қоғамның талаптарына сәйкес ұлттық сананы сақтауға қатысты өз идеяларын тұжырымдайды.

Кілт сөздер: дәстүр, сабақтастық, Абай, Шәкәрім, Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжан, Алаш, рухани темірқазық.

 

 

КІРІСПЕ

Өресі биік тұлғаларды алдыңғы қатарға шығара алмаған және солардың ақыл-ойы мен іс-әрекетінің игілігін пайдаланып, жемісін тұтына алмаған қоғам ауыр дағдарысқа ұшырайды [1, 19-б.], – деген екен Әл Қайс. Қазақ тарихының терең түкпіріне үңілсек, ұлтқа ұстын болатын тау тұлғаларға кенде еместігіміз көңіл көзімізге анық көрінеді. Саясаттың сан қилы соқпағынан сүрінбей, халқына бақыт сыйлар бағыт таба білген хан-сұлтандар мен ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен жаудың бетін қайтарған батырлар, тағдырдың тауқыметті кезеңдерінде жүзі қайырылған қанжардай болған бұқара жұрттың рухын жыр-дастандарымен жаныған ақындар мен ел болып ұйысудың қамымен қара қылды қақ жарып төрелік айтқан би-шешендер – ұлт тарихының алтын төрінен орындарын ойып тұрып алған қара нар қайраткерлеріміз саналады. Олардың қай-қайсысы да замана көші қай даңғылмен қай тарапқа тартса да өз биігінде қала беретін есімдері қастерлі Ерлеріміз.

Қиялдары Ұлы ұлттық арман аспанында самғап, мүдделері Мәңгілік Ел мұратына жұмылған ата-бабаларымыз Ұлы дала төсінде ғасырлар бойы үстемдік құрып, елдікті сақтаудың озық дәстүрін қалыптастырды. Қалыптастырып қана қоймай, оны берік ұстанып, ұрпақтан ұрпаққа аманаттап отырды. Әлем ойшылдарының бірі Геббельстің: «Басыңды жоғалтудан қорықпа, бет-бейнеңді жоғалтудан қорық» [1, 33-б.], – дегеніндей, олар өздерінің ұлттық кескін-келбетін сақтау жолында бастарын бәйгеге тігуден де жасқанбады. Қарақан басының емес, қаймағы бұзылмаған қаймана қазақтың ұпайын түгендер қандай іс болса да аянып қалмады. Дәуірлеген кезеңдерде өркениет көшін бастай жүріп, дамудың өзін дәстүрмен тең өріп отырды. Дәстүрді құстың бір қанатына, дамуды екінші қанатына балады.

 «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» «Дәстүр» ұғымын: «Әдетке сіңген салт, ғұрып, мирас» [2, 86-б.], – деп бір ауыз сөзбен түйсе, Ұлттық энциклопедиямыз бұдан кеңірек тоқталады: «Дәстүр – белгілі бір ұлттың немесе халықтың ұрпақтан ұрпаққа беріліп отыратын, тарихи қалыптасқан, олардың әлеуметтік ортасында ұзақ уақыт бойы сақталып отырған әлеуметтік-мәдени құндылықтар жиынтығы [3, 166-б.], – дейді. Басқа салалар секілді, төл әдебиетіміздің де ұлттық ұстанымдар негізінде алдыңғы буын қалыптастырған дәстүрі бар. Қай кезеңнің де әдеби жауһарларына талдау жасамас бұрын, әуелі оның бастау бұлағын, қайнар көзін танығанымыз абзал. Осы орайда, біздің негізгі тақырыбымыз болып табылатын – ХХ ғасыр басындағы Алаш қалам қайраткерлерін қалыптастырған рухани бұлақтың қайнар көзі қайда еді деген сұрақ өзінен өзі туындайды.

«Ұлттық код – мәйегіміз» атты төл мақаламызда баяндалғандай: Қазақ үшін қазан қасиетті бұйым. Халқымыз қазаннан айырылуды құт-берекесінен айырылумен тең санаған. Егер Ұлттық Кодты шартты түрде киелі қазан-ошаққа теңейтін болсақ, оны құлатпай, қисайтпай ұстап тұратын аяқтары ретінде Ана Тіл, Ата Дәстүр, Баба Тарих, Дәстүрлі Дін секілді құндылықтарды айтар едік. Егер оның бірі қисайса немесе әлсіресе, я болмаса сына қалса, қазанның ішіндегі қасиетіміз – Ұлттық Кодымыздың уызы шайқалып, төгілуі ғажап емес. Төгілген нәрсе былғанады, былғанған затты қайта тазарту қиынның қиыны. Сондықтан, аталған құндылықтар арқылы қалыптасатын ұлттық болмыстан ажырамауды ұлттық парыз деңгейіне көтеруге мәжбүрміз. Алаш қайраткерлері осыны терең түсінді. Түсініп қана қойған жоқ, ұлттық құндылықтарымызды сақтау жолында әдебиетпен қатар, саясат болсын, білім-ғылым болсын – қоғам өмірінің барлық саласында қыруар шаруа атқарды. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – Жапон мемлекеті секілді Ұлттық мемлекет құруды көкседі.

Мұның бәрі Елдік арман-мүдделердің ғасырлар қойнауынан жеткен дәстүрлі жалғасы еді. Таудан бастау алған бұлақтар өзенге ұласып, өзендер теңізді толтыратынындай, ұлттық руханиятымыздың теңізі саналатын Абай мұралары – Алашорда алыптарының шамшырағы іспетті зор міндет атқарды. Өз кезегінде Әлихан, Ахмет, Міржақыптар бастаған ғасыр басындағы ағартушы топ ұлтымыздың рухани бағдаршамы етіп Абай жолын, Абай мұрасын ұсынды.

 

НЕГІЗГІ БӨЛІМ

Толқын да толқын теңіз-дәуірлердің тұңғиық тереңінде азуын айға білеп, арыстандай ақырып, айбат-күшін шақырып небір алпауыттар жатыр. Том-том тарихтың қатпарлы беттеріне бірі бүгінде еңсе тіктеп, көш қатарына қосылған; енді бірі есепсіз езгіден есеңгіреген үстіне есеңгіреп, ел болудың ебін таппай, құрдымға кеткен бейбақтар да жазылған. Десек те, профессор Майтанов әлемде кіші халықтардың жоқ екенін, ұлы әдебиеттің барлығы көбімізге мәлім бір ақиқат екенін айтады. Шынтуайтында, қайбір ұлттың болмасын, арман-аңсары мен тілек-ниеті, қуаныш-жұбанышы мен қайғы-қасіреті – тұтастай рухани өмірі әдебиетте көрінеді. Ұлттың төл тарихы мен әдебиетінің тарихы – егіз ұғымдар дейтініміз сондықтан.

Ұлт тарихында тағдыршешті кезеңдер мен шоқтығы биік, оқтығы озық тұлғалар болады. Көпшіліктің тарихты тұлғалар жасайтынын жиі тілге тиек етуі де бекер емес. Сондай алыптардың бірегейі – ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында өмір сүріп, саналы ғұмырында Халқының қамын күйттеп, қалың елі – қазағын ағартуға қайрат еткен ақын, хакім Абай Құнанбайұлы еді. «Орыстар үшін Пушкин, өзбектер үшін Науаи, итальяндықтар үшін Данте қандай қасиетті саналса, Абай есімі жер жүзіндегі түбі бір, түгел қазақ үшін Алатаудай асқақ, Шыңғыстаудай құдіретті! Ол – жалпы адамға тән қымбат ақиқатты өз елінің тыныс-тіршілігінен тауып, күлте-жалын келістіре жырлай білген шын мәніндегі ұлттық ақын, тізе қағыстырар теңдесін кезіктіре берместей терең ойшыл» [4, 6-б.], – дейді Бақытжан Майтанов.

Абай несімен құнды деген сұраққа қазақ руханиятының тамыршысы Өзбекәлі Жәнібеков: «Абайдың басты ерекшелігі – көне заман тарихын, Шығыс пен Батыстағы ренессанстық, одан кейінгі жаңа заман мәдениетін біліп, олардың өресінен қазақ санасына жаңа идея, ой-пікір әкелгендігі» [5, 125-б.], – деп пікір қалдырған екен. Ал алаштанушы ғалым Ісімақова: «Абайдың әдебиеттанулық түсініктері» мақаласында: «Абай бірінші болып ақын, айтушы мен тыңдаушы, талдау мен талғамның әдебиеттанулық тұжырымдар екенін айырып, келесі өлең жолдарында айқындап берді, – дейді де, «Өлең – сөздің патшасын» мысалға келтіреді:

Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы,

Қиыннан қиыстырар ер данасы.

Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,

Теп-тегіс, жұмыр келсін айналасы» [4, 21-б.].

Елге билік жүргізген болыстың ауқатты отбасынан шығып, дүниеден тарлық көрместей шалқып ғұмыр кеше алатын жағдайы бар байдың баласы бола тұра, жан рахатын тәрк еткен Абай, қарапайым қазағының арасында жанын азаптап жүріп, халқын ағарту жолында тыным көрмеді, бұқараға жақын болды, қарашаның дауын даулап, жоғын жоқтады:

...Кедейдің өзі жүрер малды бағып,

Отыруға отын жоқ үзбей жағып.

Тоңған иін жылытып, тонын илеп,

Шекпен тігер қатыны бүрсең қағып, –

деп өрілетін өлең өрімдері ақынның азаматтық болмысын айқын көрсететін жолдар. Егер ол өз жұртын сүймесе, қазақтың қайғысына қабырғасы қайысып, күйіп-жанып, өртенер ме еді?! Абайдың бұл дәстүрі өз кезегінде кейінгі толқынға үлгі-өнеге, адастырмас шамшырақ болды. Нәтижесінде, Абай дәстүрінің тікелей мирасқоры саналатын Алаш қайраткерлері ХХ ғасыр басындағы тек әдеби үдерісте ғана емес, қоғам өмірі мен саяси қадамдарында да хакім салған сара жолдан сәуле тапты. «Отаршылдыққа қарсы қарулы күрес нәтижелі болмасын түсінген ұлт көшбасшылары интеллектуалдық ой еңбегіне, нақтылап айтар болсақ, ғылымға үміт артады. Үміт арта отырып, ғылымды еңбектің ең жоғарғы формасы ретінде насихаттайды. Күрес тәсілін дер кезінде өзгертіп, замананың тамырын дәл баса білген Абай бастаған қазақ ағартушыларының еңбегі көп ұзамай-ақ өз нәтижесін берді: дүниеге «Алаш қозғалысы» келді» [6, 13-б.].

1917 жылдың желтоқсанында 2-бүкіл қазақ-қырғыз құрылтайы өткізіліп, күн тәртібіне он мәселе қойылды. Соның ішіндегі ең негізгісі қазақ-қырғыз автономиясын жариялау, милиция һәм Ұлт кеңесін құру мәселесі болды. «Алаш орда» деген атау берілген Ұлт кеңесін құруға негіз болған қазақтардың өмір сүруін қиындатып жіберген тәртіпсіздік жағдайында елді аман сақтап қалу еді. Оны Кеңес төрағасы Әлихан Бөкейханның тағдыршешті баяндамасынан анық аңғарамыз...

 

Ата жұрты бұқара

Өз қолында болмаса,

Қанша жақсы болса да,

Қайратты туған ер ғаріп, –

деген Асанқайғының қағидасын ту етіп көтеріп, одан берідегі Абай мұрасын жата-жастана оқып қана қоймай, оны Хакім деңгейінде бағалап, өздері де қазақтың қабырғалы, қарағай мүйізді қайраткерлеріне айналған Алаш зиялылары Абай дәстүрін тек сөзбен емес, іспен де жаңғыртып, болашақ ұрпаққа сарқылмас мол мұра қалдырумен қатар, аласармас зор міндет те жүктеп кетті. Халқын бақытқа бастар жолда серке болуды мақсат тұтып, ұйқыдағы ел санасын «маса» болып оятуды да ғұмырлық мұрат еткен солар еді. Өздері «Алашорда ақсақалы» деп ат берген Шәкәрім Құдайбердіұлының «Қазақтың жайнар даласы, Жетілер оқып баласы» деген жыр жолдары да олардың бүгіндік емес, ғұмырлық; отбасылық емес, отандық, ұлттық мүдделердің төңірегінде жұдырықтай жұмылғандығынан хабар береді.

Зерттеулер Алаш әдебиеті – Абай дәстүрінің тікелей мирасқоры екенін, ХХ ғасырдың өн бойында көркем шығармашылық саласындағы қол жеткізген олжа-табыстарымыздың баршасы ұлттық рухани қазынамыздың бірден-бір сарқылмас көзі – Абай дәстүрінің жемісі болып табылатынын айтады: «Абай дәстүрі өте кең ауқымды ұғым. Ол сонау ескі замандағы көне түркі әдебиетінің көркем нақыштарынан бастап, біздің төлтума сөз өнеріміздегі талай ғасырлар бойы сомдалған үлгі, үрдістерді түгел бойына жинаған асыл қазыналарды толық қамтиды» [7, 18-б.].

Алаш қайраткерлерінің тұлға ретінде қалыптасуына Абай шығармалары қалай ықпал еткен болса, керісінше, ғылыми зерттеулерді парақтай келе, Абайды тану мен таныстыруда да тыңнан түрен салғандар Алаш қайраткерлері болғанын бағамдап отырмыз. Абай ақындығына баспасөзде тұңғыш баға берген – Мәшһүр Жүсіп Көпеев. Абайды орыс әлемі арқылы дүниежүзі оқырмандарына тұңғыш танытушы – Әлихан Бөкейхан. Абайдың өлеңдеріне тұңғыш тұщымды талдау жасаған – Ахмет Байтұрсынұлы. Бұрынғы-соңғы абайтанушылардың тізбегін жасаған және татар әлеміне алғаш таныстырған – Міржақып Дулатұлы. Абайға өлең жазып, оны тұңғыш «Хакім» атаған – Мағжан Жұмабай. Бұл біз парақтаған зерттеулердің бірауызды түйіні. Енді осы түйінді тарқатып көрелік.

Өмірхан Әбдиманұлы «Алаш және Абай» атты еңбегінде: «Абай ақындығына баспасөзде [«Дала уалаяты», 1889, І. 48] алғаш баға берген Мәшһүр Жүсіп Көпеев. 1909 жылы Абайдың Петербургта шыққан өлеңдер жинағына Кәкітай Ысқақов «Абай (Ибрахим) Құнанбайұлының өмірі» атты алғы сөз жазды» [8, 11-б.], – деп көрсетеді. «Ал орыс оқырмандарына Абай есімі бұдан ертерек танылды. Абай өмірі мен творчествосының білгірі Қайым Мұхамедханов Абайдың көзі тірісінде оны орыстың оқырман қауымына тұңғыш рет таныстырған адам – Әлихан Бөкейханов екенін айтады [9, 115-б.]. «Россия. Полное географическое описание нашего отечества» атты көптомдық кітаптың 1903 жылы «Киргизский край» деген 18-томы жарық көрді. Оның авторларының бірі Әлихан Бөкейханов Абайға ерекше тоқтап, қазақ жазба әдебиетінің көшбасшысы атаған», – дейді» [8, 12-б.].

Абайды тұңғыш таныған және танытуға табан тіреген жандардың тізбегін жасау үшін, біз авторлардың ол жайында жазған тұңғыш еңбектеріне ғана тоқталып отырмыз. Әйтпесе, бұдан кейінгі кездері де Әлиханның Абай есімін орыс әлеміне танытуға арналған мақалалары жарық көрген. Атап айтқанда, «Семипалатинский листок» газетінің 1905 жылғы саны мен 1907 жылы шыққан «Записки Семипалатинского Подотдела, Западно-Сибирского отдела Императорского Русского географического Общества» деген кітапта жарық көрген Абай өмірбаянының да авторы Әлихан Бөкейханов болғанын біле жүргеніміз ләзім. Ал Әлекеңнің Абай шығармашылығына берген бағасы тіпті керемет: «Өлеңдерінен көрініп тұрғандай, Абай асқан поэтикалық қуаттың иесі, қазақ халқының мақтанышы болды. Абай сияқты халықтың рухани творчествосын осыншама жоғары көтерген қазақ ақыны әлі кездескен жоқ» [8, 93-б.], – дейді.

Ғалымдар Міржақыптың Абай жайлы бір мақаласының 1908 жылы татар тіліндегі «Уақыт» газетінің 393-ші санында жарияланғанын жазады. Бұған қарап, Абайды татар әлеміне тұңғыш танытушы деп Дулатұлын атасақ болатындай. Ал Абай шығармашылығына тұңғыш рет жүйелі зерттеу жүргізіп, әдеби талдау жасаған, сөйтіп толымды пікір айтқан ғалым Ахмет Байтұрсынұлы.

«Оқу құралы» кітабының сыртқы бетіндегі:

Балалар, бұл жол басы даналыққа,

Келіңдер, түсіп, байқап қаралық та!

Бұл жолмен бара жатқан өзіңдей көп,

Соларды көре тұра қалалық па?

Даналық өшпес жарық, кетпес байлық,

Жүріңдер іздеп тауып алалық та!» [9, 135-б.], – деп жырлаған Ахаң, осы даналықтың негізгі дәнегін Абай шығармаларынан тапқандай әсер қалдырады. Олай дейтініміз, Ахаң ұйымдастырып, редакторы болған «Қазақ» газетінің өзі 1913 жылдан шыға бастады десек, басылымның осы жылғы 39–41 сандарында «Қазақтың бас ақыны» мақаласын жариялады. «Автор мақаласында өзі пір тұтып, талантын, дарындылық қасиетін ерекше бағалаған Абай ақынды сол заманның ақындарынан даралап көрсетеді, оның артық екенін дәлелдейді. Жалпы, Ахмет Байтұрсынов қалың жұртқа Абайды таныстыру мақсатында оның шығармаларын газет бетіне жиі жариялап тұрған. Ол «Қазақ» газетін екінші Абай мектебіне айналдырды» [8, 8-б.]. Мұны Ахаңның бір ауыз сөзінен де аңғаруымызға болады: «Абайды қазақ баласы тегіс танып, тегіс білу керек. Абайды қолымыздан келгенше қадірлі жұртқа таныту үшін мұнан былай кейбір өнегелі, өрнекті сөздерін газетаға басып, көпке көрсетпекшіміз» [10, 101-б.], – деп жазып, өзіне үлкен міндет жүктейді «Қазақ» газетінің редакторы Ахмет Байтұрсынұлы. Қазір ел ішінде «Абай қазақтың бас ақыны» деген ұғым бар. Ахметтің осы сөзін арада қанша жылдар өтсе де ешкім жоққа шығара алмады. Ахаң бұл сөзін әрбір қазақтың санасына сіңіріп кеткендей күй кешеміз.

Абай шығармашылығын танытуда ерекше маңызға ие тағы бір мақала бар. Ол хакімнің қайтқанына 10 жыл толуына байланысты жарияланған Міржақып Дулатұлының кезекті еңбегі болатын. Жақаң Абай мұрасын насихаттауда Әлихан мен Ахметтің еңбектерін ерекше бағалай келе, екі алыпты тұңғыш абайтанушылар деп атаған. Сөйтіп, өзі де арттағы ұрпаққа үлкен аманат жүктейді: «Біз бүгін ардақты ақынымыз, марқұм Абайдың рухына дұға қылып, қараңғы заманда шырақ жаққан басшымыздың есімі, құрметі, терең мағыналы асыл сөзі атадан – балаға, немереден – шөбереге үзілмей сақталуын тілейміз. Зәредей шүбә етпейміз, Абайдың өлген күнінен қанша алыстасақ, рухани сонша жақындармыз» [10, 104-б.], – дейді Дулатұлы.

Абай мен Алаштың, Алаш ақыны Мағжанның шығармашылығындағы берік байланыс пен дәстүр сабақтастығы жайлы тұщымды пікір қалдырғандардың алдыңғы қатарында әдебиеттанушы Шериаздан Елеукенов те бар. Көрнекті ғалым «Абай және Мағжан» атты еңбегінде: «Ахаң «Абай сөздері дүнияда қалғаны – қазаққа зор бақ» (Байтұрсынов Ахмет. Ақ жол. Алматы, 1991. 218-б.) десе, Әлекең Абайды «асқан поэтикалық қуаттың иесі, қазақ халқының мақтанышы» (Бөкейханов Әлихан. Абай. // Жұлдыз. 1911, №9, 111-б.) атаған. Міржақып Дулатовтың бағасы тіптен керім. Ол қазақ ұлты мен Абайды бір синонимдік қатарға қояды. «...Абайдың жоғалуы... қазақтың жоғалуы, қазақ атты халықтың ұмытылуымен бірдей» (Дулатов Міржақып. Шығармалары. Алматы, 1991. 250-б.), – дейді» [11, 88-б.], – деп жазады.

Әлихан, Ахмет, Міржақып сынды Алаштың үш алыбының Абай хақында жазған мақалаларынан ықшам әрі нақты, қысқа да нұсқа мысалдар келтірген ғалым өз мақаласында Мағжан ақынның Абайды құлай сүйіп, исі қазақтың данышпан ұстазы деп бағалағанын, сондықтан оған «Хакім» деп ат бергенін жазады. Сондай-ақ, осы еңбекте Абайға Хакім атағын тұңғыш берген Мағжан екені де, Мағжанның «Алтын хакім Абайға» атты өлеңі бекер жазылмағаны да тілге тиек етіледі. «Піріндей табынатыны, әрине, Абай – әдебиетіміздің бас тұлғасы. Мағжанның Мағжан Жұмабаев сынды ақын болып қалыптасуы алдында Абайдай алыптың тұрғандығы... Қаршадайынан ұлы ақын поэзиясының мөлдір бұлағынан сусындаған Мағжан, әрі ұстаздары, әрі әріптестері Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, өз құралпастары Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов секілді ол Абай данышпандығын бірден жазбай тани білді» [11, 88-б.].

Ара-жігін ажыратуға келмейтін тұрақты сөз тіркесіндей тұтастығымен құнды аталған жыр жолдары жүректі жанды бей-жай қалдырмасы анық. Сондықтан біз де оның қатарын бұзбай, тармағын термей, тұтас күйінде ұсынғанды жөн санадық:

Шын хакім, сөзің асыл – баға жетпес,

Бір сөзің мың жыл жүрсе дәмі кетпес.

Қарадан хакім болған сендей жанның

Әлемнің құлағынан әні кетпес!

Сөзіңе құлақ салып, баға бермей,

Қисайып қыңырайды жұртың ниеттес!

Бұртиып, теріс қарап: «Аулақ жүр!», – деп,

Болды ғой жақын туған бәрі кектес.

Тыныш ұйықта қабіріңде, уайым жеме:

«Қор болды қайран сөзім босқа!», – деме.

Артыңда қазақтың жас баллары мен

Сөзіңді көсем қылып жүрер жеңге!

Ай, жыл өтер, дүние көшін тартар,

Өлтіріп талай жанды, жүгін артар.

Көз ашып, жұртың ояу болған сайын,

Хакім ата, тыныш бол, қадірің артар.

Жүрген жанның артында ізі қалар,

Етікші өлсе, балға мен бізі қалар.

Бір бай өлсе, төрт түлік малы қалар,

Шешен өлсе, артында сөзі қалар!

Сұм дүние сылаң беріп көптен өтер,

Сау қалғанның көбісі ертең бітер.

Тоқтамас дүниенің дөңгелегі,

Шешеннің айтқан сөзі көпке кетер [12, 6-б.].

 

ҚОРЫТЫНДЫ

Алашорда ақсақалы, Абай салған сара жолдың жалғастырушысы Шәкәрім Құдайбердіұлының «Жастарға» өлеңі бүкіл қазақ баласына қарата айтылған өсиет іспетті:

«Қой, ойлалық шатылып, шатаспастан,

Оңамыз ба Абайдан бата алмастан?

Асыл алсақ, асылын аямайды,

Келді ғой өз еліне сата алмастан» [13, 149-б.].

Біз Мемлекет құруда және қалыптастыруда бүкіл қазақтың ұраны саналатын «Алаш» ұғымын ту етіп көтерген Алаш көсемдерін бағдаршам етуіміз тиіс десек, «Келер қазақтың да ішетін уы мен балы – Абай» деп Сүлейменнің Асқары айтқандай, аузыңнан ұлт деген сөзді шығармаған аласапыран кезеңнің өзінде алаштықтардың адастырмас темірқазық етіп абыз Абайдың жолын ұстанғаны шындық. Тіпті, «қазіргі Тәуелсіздік тұсында еркін дамудың кең даңғылына шыққан қазақ әдебиетінің бүгінгі дем-тынысын түгелдей сол Абай дәстүрімен байланыстырсақ қателеспейміз» [6, 18-б.].

Хәкім Абайдан қалған рухани мұра – қарыштап ғасырлар, дөңгелеп дәуірлер, зымырап замандар өтсе де ешқашан маңызын жоймайтын Халқымыздың құнды қазынасы. Оны айтасыз, қайта, уақыт өткен сайын тат баспай, жарқырай түсетін алтыны тәрізді. Бұған көңіл-көзіміз анық жетіп отыр.

Ұлттық сананы сақтау және оны заман талабына бейімдеу мемлекеттік маңызы бар мәселеге айналғанын өзінің арнайы мақаласында жазған Президентіміз Қ. Тоқаев бұл істің Абайсыз жүзеге аспайтынын меңзеген болатын. Өйткені, сананы жаңғырту арқылы ХХІ ғасырда еліміздің тың серпінмен дамуына жол ашылатынын ескертіп, осы орайда Абай мұрасының тигізер пайдасы зор деп есептейді: «Өркениетті елдер қазақтың болмыс-бітімін, мәдениеті мен әдебиетін, рухани өресін әлемдік деңгейдегі біртуар перзенттерінің дәрежесімен, танымалдығымен бағалайтынын ұмытпайық. Сондықтан Абайды жаңа Қазақстанның бренді ретінде әлем жұртшылығына кеңінен таныстыру қажет» [14, 3-б.].

Абай – қазақтың рухани темірқазығы. Біз қандай жағдайда да соған байлануға тиіспіз. Ал рухани арқауды Абайдан бері тартқанда Алаш мұраларынан тысқары кетпей, оларды көктей өткеніміз мақұл. Онсыз әдебиет тарихы, жалпы ұлт тарихы түгенделмек емес. Кеңес дәуіріндегі кейбір әдебиеттанушылардың аталған дәстүр сабақтастығын ескермегенін де зерттеулерінен көріп-біліп отырмыз. «Әдебиет – ардың ісі» десек, бұл – ар алдындағы кешірілмес күнә һәм қиянат.

Қазір білім-ғылым мекемелерінде Абай орталықтарының қатары артып келеді. Мұны Ел Тәуелсіздігінің нақты жемісі деп айтуымызға болады. Тұлғатанушылар мен зиялы қауым өкілдері мұндай орталықтардың қатарын алдағы уақытта да көбейте беру керектігін, сондай-ақ, оған жастарды көптеп тартудың маңызы зор екенін ескертіп отыр. Олар бұл үрдісті ел жастарының рухани құндылыққа деген көзқарасын қалыптастырып, жаһандану дәуірінде Ұлттық Кодты сақтауда маңызды тетік болады деп сенеді. Ал осы орайда, сол орталықтарда Абай және Алаш мұраларының сабақтастығын сақтай отырып, Ұлттық Кодқа басымдық беріп оқытқанымыз одан да абзалырақ деп ойлаймыз. Бұл ойымызды: «Ендігі міндет – Алашты әлемге Абай арқылы таныту, жаңа ғасырдағы Қазақстанның, жас ұрпақтың кескін-келбетін, бағыт-бағдарын Абай мұрасы мен өнегесінің негізінде қалыптастыру» [15, 3-б.], – деген белгілі журналистің пікірі де қуаттайтындай.

Мұндағы Алаш сөзі, бірінші кезекте, Алаш Елі – Қазақстан болса, екіншіден, Алаш қайраткерлері дегенге саяды. Шындығында, біз Абай мен Алаштың биік шоқтығын қатар танып-таныту арқылы ғана арғымақ-арманның ақ жалынан берік ұстап, әлем алдында жоғары мәртебеге ие бола аламыз. Себебі, Абай – Алаш – Қазақ ұғымдары кіндігі ажырамас, бірге жаратылған үшем тәрізді.

Серік СЕЙІТМАН

 

PhD докторант,

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті

(Қазақстан, Түркістан қ.),

Қазақстан Ресбубликасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің

Мемлекет тарихы институты

(Қазақстан, Астана қ.).

e-mail: sseitman@mail.ru

https://orcid.org/0000-0002-0569-7762

 

Социальные медиа
Facebook
Twitter
Instagram
Меню подвал
Жизненные ситуации
Новостной канал государственных органов
Служба центральных коммуникаций при Президенте РК
Послания Президента РК
Государственные символы РК
Сайт Премьер-Министра РК
Сайт Президента РК
Сайт Парламента РК
Концепция цифровой трансформации
Цели устойчивого развития