Меню
Страницы

КЕҢЕСТІК ҚАЗАҚ РЕСПУЛИКАСЫНЫҢ ҚҰРЫЛУЫ ЖӘНЕ АУМАҚТЫҚ ТҰТАСТЫҒЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫ

КЕҢЕСТІК ҚАЗАҚ РЕСПУЛИКАСЫНЫҢ ҚҰРЫЛУЫ  ЖӘНЕ АУМАҚТЫҚ ТҰТАСТЫҒЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫ

Қазақ жерінің аумағын белгілеу мен тұтастығын қалпына келтіру жұмыстары Алаш автономиясын құруға талпынған қазақ зиялыларынан бастау алды. Олар Сырдария және Жетісу облыстарының қазақтары Алашордаға қосылған жағдайда Алаш автономиясын жариялауды және барлық қазақ жерлерін біріктіруді мақсат еткенімен, қалыптасқан саяси жағдайда Алашорда мүшелері большевиктер мен орыс демократиялық күштерінің қайсысы жеңетінін болжай алмады. Түркістан автономиясы мен Алашорда үкіметі басшыларының негізгі қателігі – автономия алу жолындағы күресте түркі халықтарының ата жауы – ақ казактармен ынтымақтасуы еді. Мұның екі жақты кері әсері болды. Біріншіден, ақ гвардияшылардан 15 есе әскері көп әрі бүкіл саяси билікті қолына шоғырландырған большевиктерді өздеріне қарсы қойса, екіншіден, 1916 жылдың ойранындағы казактардың жазалау шараларын ұмытпаған қарапайым халықтың наразылығына ұшырады.

Ресейде большевиктер жеңіске жеткен соң Ә. Жангелдин, С. Сейфуллин, Т. Рысқұлов, С. Меңдешев, М. Мырзағалиев сынды және т.б. қазақ қайраткерлері Алашорданың сәтсіздікке ұшыраған автономия құру жолындағы күресін одан ары жылжытып, қазақ даласында Кеңестік ұлттық-территориялық автономияны құруға атсалысты. А. Байтұрсынов кешегі алашордашыларды большевиктер жағына өтуге шақырды. Кеңес билігі Алашорда мүшелеріне кешірім жариялағанымен, оларға сенімсіздік танытты. Орталық билік қазақ даласын басқаратын аппарат құру үшін 1919 жылдың көктемінде-ақ съезд өткізуге дайындық жұмыстарын бастап, кеңестердің Құрылтай съезін ұйымдастыратын ревком құруға кірісті.  

Қазревкомның тұңғыш төрағасы болған С. Пестковскийдің Қазақ АКСР-нің құрылғанына 10 жыл толуына орай «Советская степь» газетінде жарияланған арнайы мақаласында қазақ төрағаның тағайындалуына қазақтардың қарсы болғанын айтады.

1919 жылы 24 маусымда РКФСР Халкомкеңесі төраға В.И. Лениннің қатысуымен өткен мәжілісінде Қазревкомның жеке құрамы туралы мәселені талқылап, Қазревкомның бірінші құрамына С. Пестковский (төраға), В. Лукашев, Ә. Жангелдин, М. Тұнғаншин, С. Меңдешев, Б. Қаратаев кіргізілді (Зиманов, 1981: 69). 10 шілдеде РКФСР үкіметінің басшысы В.И. Ленин «Қазревком туралы уақытша ережені» бекітсе, 19 шілдеде РКФСР ХКК-і 19 пункттен тұратын «Қазақ өлкесін басқару жөніндегі революциялық комитетін құру туралы» декрет шығарды (Тибекин, 1982: 155). Декрет бойынша, бүкілқазақстандық кеңестер съезі шақырылып, Қазақ автономиясы жарияланғанға дейін өлкені әскери-азаматтық басқару мен кеңестер сайлауын ұйымдастырып өткізу Қазревкомға жүктелді.

1919 жылы 10 қыркүйекте Орынбор Әскери ревкомы Қазревкомның жауапты қызметкерлерімен, Түркістан майданы Әскери ревкомының, 1-ші армияның Әскери ревкомы мен саяси бөлімі өкілдерінің қатысуымен Орынбордың Қазақстанға қосылуы туралы мәселені талқылады. Қазревком төрағасы С. Пестковский РК(б)П ОК-нің пікірін білдіре отырып, Орынбордың Қазақстанға қосылуын жақтады. Ал орынборлық А. Коростелев, И. Мартынов және тағы басқа кеңеске қатысушы 6 өкіл бұған қарсы бола отырып, Орынбор губерниясына орыс халқы көп қоныстанған Орал облысы мен Ақмола облысының Ақтөбе уезін қосуды жақтады және болашақ автономияның үкіметін «ішкі Қырғызияға» орналастыруды ұсынды. Ал Қазревкомның А.Байтұрсынов, С.Меңдешев, М.Тұнғаншин сияқты мүшелері Орынбордың Қазақстанға қосылуына және оның жаңа республиканың астанасы болуына түбірімен қарсы болып, Қазревкомның қазақ мүшелері дауыс беруге қатыспайды деп мәлімдеді.

Ал РК(б)П ОК-і болашақ қазақ автономиясының астанасы Орынборда болғанын қалады. Себебі, толық сенім артуға болмайтын қазақ ұлттық элитасының қазақ халқының ортасында болуын қаламады. Астананың Орынборда болуы олардың бақылауда болуын қамтамасыз ететін еді. Сонымен қатар, РК(б)П ОК-і Орынбор Қазақстанның астанасына айналар болса, Орталықтың қышуына тиіс отырған орыс казактарының еркіндігі шектеледі деп есептеді. Сондай-ақ, астана қажетті инфрақұрылымы, кадрлық, ұйымдық, қаржылық, өндірістік, материалдық-техникалық және басқа да қажетті әлеуеті бар қалада орналасуы тиіс деп есептелді.

Бір сөзбен айтқанда, Орынборды Қазақстанның астанасы ету – қазақты жарылқау емес, болашақ қазақ үкіметі мен ұлтшыл қазақ қайраткерлерін бақылауда ұстау үшін қажет болды. Орынбор губкомының 2 қабатты ғимаратының бірінші қабатынан 2 бөлмелі орын алған Қазобкомның кейінгі сиқы осыны айқын аңғартты. РК(б)П ОК Орынборды және Ертіс бойындағы орыс халқы тығыз орналасқан жерлерді ҚАКСР-не қосу арқылы болашақта ҚАКСР жоғарғы мемлекеттік билік органдары үшін болатын сайлауда қазақтардың басымдыққа ие болып кетуіне жол бермеу үшін алғышарттар қалыптастырды. РКФСР Конституциясына сәйкес, Орталық атқару комитетіндегі билік орындары республиканың ұлттық құрамына сәйкес пропорцианалды түрде бөлінетіні де алдын-ала ескерілсе керек. ҚАКСР тарихында өткен республикалық тоғыз съезде сайланған Қазаткомның ұлттық құрамы осыны көрсетеді.

Социальные медиа
Facebook
Twitter
Instagram
Меню подвал
Жизненные ситуации
Новостной канал государственных органов
Служба центральных коммуникаций при Президенте РК
Послания Президента РК
Государственные символы РК
Сайт Премьер-Министра РК
Сайт Президента РК
Сайт Парламента РК
Концепция цифровой трансформации
Цели устойчивого развития