
2026 жылғы 10 тамызда Самарқанд қаласында Ш.Рашидов атындағы Самарқанд мемлекеттік университетінде орналасқан Абай атындағы ғылыми-мәдени орталықта ұлы қазақ ойшылы, ақын әрі ағартушы Абай Құнанбайұлының мұрасына арналған дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараны Қазақстан Республикасының Самарқанд қаласындағы Бас консулдығы Ш.Рашидов атындағы Самарқанд мемлекеттік университетімен бірлесіп ұйымдастырды.
Іс-шараға Ш.Рашидов атындағы Самарқанд мемлекеттік университетінің проректоры Акмаль Ахатов, белгілі өзбек ақыны, прозашы, журналист, сондай-ақ мемлекеттік және қоғам қайраткері Фармон Тошев, Түркология институтының, өзбек тілі мен әдебиеті кафедрасының, классикалық әдебиет тарихы кафедрасының, орыс және шетел әдебиеті кафедрасының, тәуелсіздік кезеңі әдебиеті және әдебиет теориясы кафедраларының профессорлары мен зерттеушілері қатысты.
Дөңгелек үстелге қатысушылар Абай Құнанбайұлының мұрасының өзектілігін атап өтті. Арада бір ғасырдан астам уақыт өтсе де, оның еңбектері өз маңызын жоғалтпай, сұранысқа ие болып отыр. Ал оның адамгершілік, еңбек және халықтар арасындағы өзара құрмет туралы ой-толғамдары Орталық Азиядағы ынтымақтастықтың нығаюы жағдайында ерекше құндылыққа ие болуда.
Сарапшылар Абайдың тек қазақ мәдениетіне ғана емес, бүкіл түркі әлеміне ортақ тұлға екенін атап өтті. Оның дүниетанымы дала дәстүрлері, шығыс философиясы және әлемдік классика тоғысқан ортада қалыптасты. Абай Науаи, Фирдоуси, Низами еңбектерін зерттеп, Пушкин, Лермонтов және Гётенің шығармаларын қазақ тіліне аударған. Осылайша, ол өз дәуіріндегі мәдениеттер арасындағы басты байланыстырушы тұлғалардың біріне айналды.
Дөңгелек үстел ғылыми көзқарастар мен мәдени интерпретациялар алмасуға, қазақ-өзбек тілдік және әдеби байланыстарын талқылауға, сондай-ақ Абайдың идеяларын жастар, ғылыми-зерттеу қауымдастығы және қалың жұртшылық арасында кеңінен насихаттауға бағытталған практикалық бастамаларды әзірлеуге арналған пікірталас алаңына айналды.
Дөңгелек үстел барысында Қазақстан Республикасының Самарқанд қаласындағы Бас консулы Талғат Шәріпов құттықтау сөз сөйлеп, Шараф Рашидов атындағы Самарқанд мемлекеттік университетіне және университет ректоры Рустам Ибрагимұлы Халмурадовқа аталған іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырғаны және қазақ-өзбек мәдениетаралық байланыстарын нығайтуға жан-жақты қолдау көрсеткені үшін шынайы ризашылығын білдірді.
Бас консул сондай-ақ Абайдың еңбектері мәңгілік екенін, уақыт өткен сайын олардың өзектілігі арта түсетінін және қоғамдық әрі мәдени-рухани өмір үшін маңызды бағдарларды айқындайтынын атап өтті.
Іс-шара бауырлас халықтарымыз арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға, мәдениетаралық диалогтың көкжиегін кеңейтуге ықпал етті. Сонымен қатар, Орталық Азия елдерінің өткені мен болашағын байланыстыратын берік көпірге айналатын ұлы тұлға Абайдың мұрасын кеңінен танытуға мүмкіндік берді.