
2026 жылғы 18 мамырда Қазақстан Республикасының Самарқанд қаласындағы Бас консулы Талғат Шәріпов Самарқанд облысы Көлік басқармасының басшысы Равшан Тожиевпен кездесті.
Тараптар қоғамдық көлік жүйесін дамыту, заманауи әрі экологиялық таза көлік шешімдерін енгізу, сондай-ақ көлік саласындағы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы өңіраралық ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылады.
Сонымен қатар, Самарқанд облысы делегациясының Алматы қаласына жасаған жұмыс сапарының қорытындылары қаралды. Делегацияны Самарқанд облысы Көлік басқармасының басшысы Равшан Тожиев басқарды. Аталған сапар 2026 жылғы 18–19 сәуір күндері Қазақстан Республикасының Самарқанд қаласындағы Бас консулдығының қолдауымен ұйымдастырылды.
Делегация құрамына «Samarkand yo‘lovchi trans» мемлекеттік кәсіпорнының басшысы Отабек Абдуллаев пен қоғамдық көлік саласының сарапшылары да кірді.
Сапар барысында делегация «Falcon EuroBus» ЖШС кәсіпорнында болып, мамандар қалалық, қалааралық, туристік тасымалдарға және әуежайларға арналған заманауи электр автобустарының әртүрлі үлгілерін өндірудің толық циклімен танысты. Зауыт Алматы қаласында толық өндірістік локализациямен жүзеге асырылатын қазақстандық FALCON MURAT ADILKHAN брендімен электроавтобустар шығаратын отандық өндіруші болып табылады.
«Қазақстанның Даму Банкі» АҚ (ҚДБ) және «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ (ЭКА) өкілдері қонақтарға ЭКА сақтандыру құралдарын пайдалана отырып, ҚДБ-ның саудалық, банкаралық және құрылымдық қаржыландыру тетіктері арқылы қазақстандық өнім экспортын қолдаудың кең мүмкіндіктері туралы жан-жақты мәлімет берді. Қолданылатын механизмдер қатарында банкаралық қарыздар, аккредитивтер, кепілдіктер және экспорттық операцияларды сақтандыру құралдары бар. 2026 жылғы 20 сәуірде Ташкент қаласында Қазақстанның Даму Банкі мен Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі Өзбекстанның төрт банкімен — Tenge Bank, Өзбекөнеркәсіпқұрылысбанк, Orient Finans Bank және Kapitalbank-пен ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойды.
Іскерлік және нәтижелі жағдайда өткен кездесулер қорытындысы бойынша Самарқанд қаласында экологиялық таза көлікті енгізу жөніндегі бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктері және «жасыл экономика» саласындағы ынтымақтастықты кеңейту бағытында консультацияларды кезең-кезеңімен жалғастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Самарқанд облысы делегациясының сапары Қазақстан мен Өзбекстан басшыларының өңірлік интеграцияны нығайту, мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту үшін қолайлы әрі тартымды жағдайлар жасау жөніндегі тапсырмаларын іске асыруға бағытталған. Өзбекстан Республикасының Президенті Ш.Мирзиёев өңір мемлекеттерін үшінші елдерден импортталатын тауарларды Орталық Азияда өндірілетін өнімдермен алмастыруға шақырып келеді. Бұл өңір ішінде капиталдың сақталуына және жергілікті өнеркәсіптің дамуына ықпал етеді. Өңірлік деңгейде импортты алмастыру саясатын практикалық тұрғыда іске асыру Орталық Азия елдерінің экономикалық тәуелсіздігі мен интеграциясын нығайтуға септігін тигізеді.