Самарқандта Қазақстан мен Өзбекстан жастарын біріктірген халықаралық ғылыми конференция өтті

Самарқандта Қазақстан мен Өзбекстан жастарын біріктірген халықаралық ғылыми конференция өтті

2026 жылғы 15 мамырда Самарқанд қаласында «Қазақстан – Өзбекстан: егіз халықтың егіз жүрегі» атты «Жас ғалымдар және жаңа мүмкіндіктер» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.

Іс-шараны Ш.Рашидов атындағы Самарқанд мемлекеттік университетінің Орталық Азия халықтарының тілдері мен мәдениеті институты, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университеті және «Turki Talimi» халықаралық көпсалалы ғылыми-практикалық журналы ұйымдастырды. 

Конференцияның мақсаты – жас зерттеушілердің ғылыми әлеуетін дамыту, олардың шығармашылық бастамаларын қолдау, ғылыми жобаларды таныстыру және Қазақстан мен Өзбекстан жастары арасындағы ғылыми-мәдени байланыстарды нығайту.

Конференцияның ашылу салтанатында Қазақстан Республикасының Самарқанд қаласындағы Бас консулдығының қызметкері Абзал Нұрашов пен екі елдің ғылыми-педагогикалық ортасының өкілдері құттықтау сөз сөйледі.

Конференция аясында қоғамдық-гуманитарлық, математика-жаратылыстану және педагогикалық бағыттар бойынша секциялық отырыстар ұйымдастырылып, қатысушылар түрлі ғылыми жобаларды қорғады. 

Іс-шараға екі елдің оқушылары, колледждері мен ЖОО студенттері офлайн және онлайн форматта қатысты. Конференция қорытындысы бойынша үздік жобалар марапатталды, қатысушыларға дипломдар мен сертификаттар табысталды.

Жалпы, бұл іс-шара Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ғылым, білім және жастар саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ықпал етті.