2026 ж. 13-14 мамырда Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаева Бұхарада өткен Орталық Азия елдері мен Әзербайжанның көшбасшы әйелдер диалогының отырысына, сондай-ақ «Әйелдерге инвестиция салу – тұрақты өсімнің негізі: әйелдердің саяси, экономикалық, әлеуметтік және экологиялық мүмкіндіктерін кеңейту» тақырыбындағы Азия әйелдерінің екінші форумына қатысты.
Орталық Азия елдері мен Әзербайжанның көшбасшы әйелдер диалогы аясында өткен «Ғылымдағы әйелдер көшбасшылығы: заманауи сын-қатерлер, инновациялық шешімдер және ғылыми ынтымақтастық» атты Орталық Азия елдері мен Әзербайжан әйел ғалымдарының форумына өңір елдері Парламенттері мен парламенттік делегацияларының басшылары, халықаралық ұйымдардың, ғылыми және сарапшылық қоғамдастықтың өкілдері, сондай-ақ ғалым әйелдер қатысты.
Дания Еспаева өз сөзінде Қазақстандағы ғылым мен технология саласында жүргізіліп жатқан реформаларға, жас зерттеушілерді қолдау шараларына назар аударды. Сонымен қатар ол бүгінде әйелдердің толыққанды қатысуынсыз ғылымды дамыту мүмкін еместігін, ал гендерлік теңдікті ілгерілету мемлекеттердің тұрақты дамуының маңызды шартына айналып отырғанын атап өтті.
Форум қорытындысы бойынша Орталық Азия елдері мен Әзербайжанның ғалым әйелдерінің ғылыми ынтымақтастығын одан әрі нығайтуды және бастамаларын ілгерілетуді көздейтін бірлескен коммюнике қабылданды.
Азия әйелдерінің екінші форумында қатысушылар әйелдердің мемлекеттік басқаруға, экономикаға, кәсіпкерлікке, ғылымға, цифрландыруға және экологиялық күн тәртібіне қатысуын кеңейту мәселелерін талқылады. Форумда сөйлеген сөзінде Дания Еспаева Қазақстан әйелдер көшбасшылығына инвестиция салуды өңірдің тұрақты өсуі мен ұзақ мерзімді дамуының маңызды факторы ретінде қарастыратынын атап өтті. Ол елімізде әйелдер кәсіпкерлігін қолдау, әйелдердің экономикалық, қоғамдық және саяси мүмкіндіктерін кеңейту бойынша іске асырылып жатқан шаралар туралы айтып берді.