
2026 жылғы 20-21 сәуір күндері Самарқанд қаласында халықаралық қауымдастықтың заңсыз есірткі айналымына қарсы күрестегі күш-жігерін біріктіруге, мемлекетаралық өзара іс-қимылды нығайтуға және халықтың денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған халықаралық форум өтті.
Іс-шараны Өзбекстан Республикасы Президенті Әкімшілігі жанындағы Есірткі және атыс қаруын бақылау агенттігі БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасымен бірлесіп ұйымдастырды. Форумға әртүрлі елдерден 500-ге жуық сарапшы мен маман, сондай-ақ ДДҰ, Дүниежүзілік кеден ұйымы, ЕҚЫҰ, ШЫҰ, ТМД, Орталық Азия аймақтық ақпараттық үйлестіру орталығы сияқты беделді халықаралық ұйымдар қатысты.
Форум жұмысына Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов бастаған қазақстандық делегация қатысты. Делегация құрамында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Денсаулық сақтау министрлігі жүйесіндегі ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Елшілігі мен Самарқанд қаласындағы Бас консулдығының дипломаттары болды.
Форум барысында заңсыз есірткі айналымына қарсы іс-қимыл, трансұлттық қылмыстық желілердің қызметін тоқтату, халықаралық ынтымақтастық тетіктерін нығайту, сондай-ақ алдын алу, емдеу және оңалту саласындағы заманауи тәсілдерді енгізу мәселелері талқыланды.
Қазақстандық делегация есірткі қауіптеріне қарсы іс-қимыл және есірткі қылмысының алдын алу саласында өңірлік және халықаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бейілділігін растады.
Форум қорытындысы бойынша мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың бірлескен ұстанымын айқындайтын Самарқанд декларациясы қабылданды.