Самарқандта «Әзірет Сұлтан» ұлттық музей-қорығының көрмесі ашылды

Самарқандта «Әзірет Сұлтан» ұлттық музей-қорығының көрмесі ашылды

2026 жылғы 14 сәуірде Самарқанд қаласында «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының көрмесінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шараға академиялық қауымдастықтың жетекші сарапшылары, мәдениет қайраткерлері, сондай-ақ Самарқанд қаласының тұрғындары мен қонақтары қатысты.

Құттықтау сөз сөйлеген Қазақстан Республикасының Самарқанд қаласындағы Бас консулы Талғат Шарипов аталған көрменің өткізілуі Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы достық және бауырластық қатынастарды нығайту жолындағы маңызды қадамдардың бірі болатынын атап өтті. Сонымен қатар, көрме мәдени диалог алаңына айналып, ғылыми қауымдастық пен туризм саласы арасындағы байланыстарды күшейтіп, тәжірибе алмасуға ықпал ететініне сенім білдірді.

Іс-шараның құрметті қонағы ретінде белгілі өзбек жазушысы, ақын, журналист, қоғам және мемлекет қайраткері Фармон Тошев қатысты. Ол өз сөзінде «Әзірет Сұлтан» ұлттық музей-қорығы тек Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл мұсылман әлемі үшін аса маңызды рухани әрі тарихи орталықтардың бірі екенін атап өтті. Музей-қорық түркі өркениетінің бай мұрасын, оның ішінде сәулет, тарих және мәдениет ескерткіштерін біріктіреді. Олардың ішінде ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ерекше орын алады, ол халықтарымыздың рухани бірлігінің символы болып табылады.

Іс-шара соңында қатысушылар көрме Самарқанд қаласының тұрғындары мен қонақтарының үлкен қызығушылығын тудырып, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы қатынастарды нығайтуға қосымша үлес қосатынына сенім білдірді.

Көрме Қазақстан Республикасының Самарқанд қаласындағы Бас консулдығының қолдауымен ұйымдастырылып, 2026 жылғы 9 мамырға дейін жалғасады (кіру тегін).