
Қазақстан Республикасының Самарқанд қ. Бас консулдығы 2026 жылдың 17 наурызынан бастап қазақстандық FlyArystan әуе компаниясы орындайтын Алматы – Самарқанд – Алматы бағыты бойынша маусымаралық рейстердің қайта басталатыны туралы хабарлайды.
Рейстер аптасына екі рет - сейсенбі және жексенбі күндері орындалады деп жоспарлануда.
Алматы мен Самарқанд арасындағы әуе қатынасының қайта жандануы Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы туризм, іскерлік, мәдени және гуманитарлық байланыстарды одан әрі дамытуға, сондай-ақ аймақаралық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді.
Әлемдік өркениеттің ең ежелгі орталықтарының бірі және Ұлы Жібек жолының маңызды тарихи торабы Самарқанд қаласы жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен көптеген туристерді тартады. Сонымен қатар, Алматы - Қазақстанның ең ірі іскерлік, қаржы және мәдени орталығы.
Бас консулдық әуе қатынасының қайта жандануын құптайды және бұл рейстер екі ел аймақтары арасындағы екіжақты байланыстарды одан әрі дамытуға ықпал ететініне сенім білдіреді.