
2026 жылғы 7 наурызда Қазақстан Республикасының Самарқанд қ. Бас консулдығының көмегімен қазақстандық «INT-TRO» компаниясының өкілдері - компанияның негізін қалаушы Игорь Ем мен техникалық директоры Дмитрий Цойдың Самарқанд қаласының әкімі Фазлиддин Умаровпен және Самарқанд облысының Көлік басқармасының басшысы Равшан Тожиевпен кездесуі өтті.
Кездесу барысында «INT-TRO» қоғамдық көлікті басқаруда цифрлық шешімдерді енгізу бойынша технологиялық мүмкіндіктері мен стратегиялық көзқарасын таныстырды. Компания жолаушылар тасымалының тиімділігін, көлік инфрақұрылымының ашықтығын және қоғамдық қызмет көрсету сапасын жақсартуға бағытталған ALTA интеллектуалды жүйесін қоса алғанда, қоғамдық көлікті басқарудың цифрлық жүйелерін әзірлеу және енгізуге маманданған.
Тараптар қоғамдық көлікті цифрландыру саласындағы ынтымақтастықтың әлеуетті форматтарын, соның ішінде технологиялық шешімдерді локализациялауды, техникалық трансфертті және білікті мамандарды даярлауды талқылады. Сондай-ақ, бірлескен жобалардың перспективаларын және практикалық IT бастамаларын іске асыруды қарастырды.
Сындарлы және іскерлік атмосферада өткен кездесуден кейін цифрлық технологиялар саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту және аймақтың көлік инфрақұрылымын цифрландыру туралы келісімге қол жеткізілді.