
2026 жылғы 15 қаңтарда Қазақстан Республикасының Самарқанд қаласындағы Бас консулы Талғат Шәріпов Самарқанд мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры Шахзода Негматовамен кездесу өткізді.
Тараптар жоғары білім беру саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту, академиялық алмасуларды кеңейту, сондай-ақ екі елдің жоғары оқу орындары арасындағы бірлескен білім беру және ғылыми жобаларды іске асыру мәселелері бойынша пікір алмасты.
Шахзода Негматова институттың құрылу және даму тарихы, кең ауқымды ғылыми және практикалық жұмыстар туралы хабардар етті. Сонымен қатар, Қазақстанның жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықты кеңейтуге қызығушылық білдірді.
Академиялық ұтқырлық мәселелеріне ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастық аясында Самарканд мемлекеттік педагогикалық институтының екі студенті академиялық алмасу бағдарламасы бойынша Астана қаласындағы Л.Н.Гумилёв атындағы Еуразия ұлттық университетінде дене шынықтыру және спорт бағыты бойынша бір семестр бойы білім алғаны атап өтілді. Бұл екі елдің жоғары оқу орындары арасындағы практикалық өзара іс-қимылдың айқын үлгісі болып табылады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар сындарлы диалогты жалғастыруға және екі ел арасындағы білім және ғылым саласындағы жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге өзара мүдделілігін растады.