15 желтоқсанда халықаралық қауымдастық Түркі тілдерінің дүниежүзілік күнін алғаш рет атап өтті

15 желтоқсанда халықаралық қауымдастық Түркі тілдерінің дүниежүзілік күнін алғаш рет атап өтті

2025 жылғы 15 желтоқсанда Ш. Рашидов атындағы Самарқанд мемлекеттік университеті жанындағы Түркология ғылыми-зерттеу институтында Түркі тілдерінің дүниежүзілік күніне орай «Тілдегі, ойдағы және еңбектегі бірлік» тақырыбында алғашқы ғылыми семинар өтті.

Іс-шараға түркі мемлекеттерінің академиялық қауымдастығының өкілдері, ғылыми-зерттеу институттары, халықаралық ұйымдар, дипломатиялық корпус өкілдері, сондай-ақ тіл білімі мен мәдениеттану саласындағы сарапшылар қатысты.

Қатысушыларға құттықтау сөз сөйлегендер қатарында Ш. Рашидов атындағы Самарқанд мемлекеттік университетінің проректоры Акмал Ахатов, Орталық Азия халықтарының тілдері мен мәдениеті институтының директоры Жолибой Елтазаров, Қазақстан Республикасының Самарқанд қаласындағы Бас консулы Талғат Шәріпов, Түркия Республикасының Самарқанд қаласындағы Бас консулы Сердар Дениз, сондай-ақ Орталық Азияны зерттеу жөніндегі халықаралық институттың (IICAS) директоры Эврен Рутбиль болды.

Өз сөзінде Талғат Шәріпов Түркі тілдерінің дүниежүзілік күнін белгілеудің тілдік алуан түрлілікті сақтау, мәдениетаралық диалогты нығайту және ортақ гуманистік құндылықтарды ілгерілету жолындағы маңызды халықаралық қадам екенін атап өтті. Сондай-ақ ол түркі тілдерінің әлемдік өркениетке қосқан үлесін, түркі халықтарының тарихи жадын және рухани мұрасын қалыптастырудағы рөлін ерекше атап өтті.

Семинар барысында түркі тілдерінің қазіргі жағдайына, жаһандану жағдайындағы даму перспективаларына, терминология мәселелеріне, жазба мұрасына және тілдерді цифрландыруға арналған ғылыми баяндамалар ұсынылды. Талқылау қорытындысы бойынша осындай ғылыми іс-шараларды жалғастыруға және гуманитарлық ғылымдар саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге қызығушылық білдірілді.

2025 жылғы 3 қарашада Самарқанд қаласында өткен ЮНЕСКО Бас конференциясының 43-сессиясында Түркі тілдерінің дүниежүзілік күні жарияланып, ол жыл сайын 15 желтоқсанда атап өтілетін болды.