
2025 жылғы 27 қарашада Қазақстан Республикасының Самарқанд қаласындағы Бас консулы Талғат Шәріпов Ташкентте өткен «Жібек жолы туризмі» халықаралық туристік жәрмеңкесінің 30-жылдық мерейтойына (TIFT 2025) қатысты.
Іс-шара бағдарламасына 300-ден астам туристік компания, 30 мемлекеттен келген 200 аспаздың қатысуымен өткен кулинарлық чемпионат, сондай-ақ авиация, экология, білім, мәдени және қажылық туризмі бойынша салалық сессиялар кірді.
Қазақстан атынан Туризм және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев, сондай-ақ Шымкент қаласы мен Түркістан облысының туристік компаниялары қатысты.
TIFT 2025 аясында Ислам ынтымақтастығы ұйымының Туризм форумы өтті. Форум барысында Нұртас Кәріпбаев Қазақстанда тұрақты туризмді дамыту, өңіраралық ынтымақтастықты кеңейту және бірлескен бастамаларды ілгерілету бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы ақпарат берді.
Бас консулдықтың қолдауымен Vietjet Qazaqstan (Qazaq Air) басқарма төрағасы Әділбек Умралиев пен Самарқанд облысы хокимінің орынбасары Рустам Қобилов арасында кездесу ұйымдастырылды. Тараптар Қазақстан мен Өзбекстан қалалары арасында тікелей әуе рейстерін кеңейту арқылы өзара туристік ағындарды арттыру мүмкіндіктерін, соның ішінде Астана – Самарқанд – Астана бағыты бойынша қолданыстағы рейстің жиілігін арттыру мәселесін талқылады.
Форум алаңында Бас консул бірқатар кездесулер өткізіп, панельдік пікірталастарға қатысты. Кездесулер барысында Өзбекстанның туристік нарығының дамуы, үрдістері мен мүмкіндіктері талқыланып, Қазақстанда туристік индустрияға инвестиция тартуды мемлекеттік қолдау шаралары, соның ішінде мемлекеттік-жеке меншік әріптестік тетіктері негізіндегі мүмкіндіктер туралы ақпарат берілді.