Жібек жолы университеттері желісінің (SUN) 10 жылдық Бас Ассамблеясы Самарқанд қаласында өтті

Жібек жолы университеттері желісінің (SUN) 10 жылдық  Бас Ассамблеясы Самарқанд қаласында өтті
 
2025 жылғы 14–16 қазан аралығында Самарқан қаласында 80-нен астам университет пен әлемнің 30-ға жуық елінен келген жоғары оқу орындарының, академиялық институттардың және халықаралық ұйымдардың өкілдерін біріктірген Silk-Road Universities Network (SUN) ұйымының 10-шы Бас Ассамблеясы өтті.
 
Іс-шара аясында пленарлық отырыстар, панельдік пікірталастар және зерттеу жобаларының таныстырылымдары ұйымдастырылып, онда цифрлық трансформация, жасанды интеллект, экология, білім берудегі инновациялар және халықаралық академиялық ынтымақтастық тақырыптары талқыланды.
 
Ашылу салтанатында Қазақстан Республикасының Самарқан қаласындағы Бас консулы Талғат Шарипов құттықтау сөз сөйлеп, Қазақстан жасанды интеллектіні дамытуды елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және азаматтардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағыты ретінде қарастыратынын атап өтті. Осы бағытта Қазақстанда бірнеше маңызды бастамалар жүзеге асырылуда:
Жасанды интеллект жөніндегі жаңа министрлік құрылды;Деректерді пайдалану, киберқауіпсіздік және этикалық стандарттарды реттейтін Цифрлық кодекс қабылдауға дайындалуда;
Digital Qazaqstan платформасы дамып келеді, ол мемлекеттік қызметтерді, білім мен ғылымды біріктіреді;
• Мектеп оқушылары мен студенттерге арналған Ai-Sana бағдарламасы арқылы цифрлық құзыреттерді оқыту жүзеге асырылуда.
 
Сонымен қатар, Қазақстан тұрақты туризмді дамытуға – экономикалық өсудің және мәдени мұраны сақтаудың басым бағыттарының бірі ретінде – айрықша көңіл бөлуде. 2030 жылға қарай ел туризм саласында цифрлық қызметтердің үлесін үштен біріне дейін арттырып, туристік кластерлерді басқаруға жасанды интеллект технологияларын енгізуді жоспарлап отыр.
 
Бас консул осындай халықаралық форумдар білім және ғылым салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға, гуманитарлық байланыстарды дамытуға және Орталық Азиядағы тұрақты даму қағидаттарын ілгерілетуге зор үлес қосатынына сенім білдірді.
Ассамблеяның маңызды нәтижелерінің бірі — қатысушы елдердің университеттері арасында өзара түсіністік туралы бірнеше меморандумдарға қол қойылуы болды. Бұл құжаттар бірлескен зерттеу жобаларын, академиялық алмасуларды, қос дипломды бағдарламаларды және тұрақты туризм мен цифрлық технологиялар саласындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.
 
 Ассамблея жұмысының қорытындысы бойынша БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын іске асыруда SUN ұйымына мүше жоғары оқу орындарының халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге және бірлескен іс-қимылдарға дайын екендігін растайтын резолюция қабылданды.
 
Іс-шараның ұйымдастырушылары ретінде Самарқан технологиялар халықаралық университеті (SIUT), Самарқан мемлекеттік шетел тілдері институты және «Жібек жолы» туризм және мәдени мұра халықаралық университеті аталды. Ассамблея Дубай Канадалық университеті (БАӘ) және Венеция Ка’ Фоскари университетінің (Италия) қолдауымен өтті.