Ақмола облысына жұмыс сапарымен Самарқанд облысының делегациясы келді

Ақмола облысына жұмыс сапарымен Самарқанд облысының делегациясы келді

Қазақстан Республикасының Самарқанд қаласындағы Бас консулдығының қолдауымен, қазақстандық «Табыс-Агро» ЖШС-нің өтінішіне сәйкес және Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайту мақсатында 2025 жылғы 20–23 тамыз аралығында Самарқанд облысының делегациясы Ақмола облысына іссапармен барды.

Делегация құрамына Самарқанд облысының ауыл шаруашылығы басқармасының өкілдері, ауыл шаруашылығы өнімін өндірумен айналысатын кәсіпкерлер, соның ішінде картоп өсіру және дәнді дақыл кластерлерінің фермерлік шаруашылық басшылары кірді.

Іссапар барысында делегация Целиноград ауданы Талапкер ауылындағы «TBS Logistic» ЖШС логистикалық орталығының жұмысымен, сондай-ақ Степногорск қаласындағы «Табыс-Агро» ЖШС-нің шаруашылығы және егіс алқаптарымен танысты. Келіссөздер қорытындысы бойынша «Табыс-Агро» ЖШС мен Самарқанд облысының фермерлері ауыл шаруашылығы саласындағы бірлескен жобаларды іс жүзінде жүзеге асыруға уағдаласты.

Сонымен қатар, Степногорск қаласы әкімдігінде Степногорск қаласының әкімі Г.Қасенов, Ақмола облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Р.Қасенов және «СПК «KOKSHE» АҚ басқарма төрағасы С.Құсайыновтың қатысуымен екіжақты кездесу өтті.

Келіссөздер барысында өзбек тарап Қазақстаннан астық пен оның өңделген өнімдерін импорттауға, сондай-ақ жеміс-көкөніс өнімдерін Қазақстан өңірлеріне экспорттауға қызығушылығын білдірді. Бұдан бөлек, жүгері сатып алуға да қызығушылық танытылды.

 Құрылымды әрі іскерлік жағдайда өткен кездесулердің қорытындысында тығыз ынтымақтастықты жалғастыру жөнінде келісімге қол жеткізілді.