Рим, 14 мамыр 2025 жыл, - Семинарды Италияның Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрлігі «Vision and Global Trends» геосаяси зерттеулер орталығымен бірлесіп ұйымдастырды. Оның жұмысына Италия СІМ басшылығы, Орталық Азия елдері – Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан елшілері, Италияның мемлекеттік органдары мен ұлттық компанияларының, білім беру мекемелерінің өкілдері, дипломаттар, сарапшылар мен журналистер қатысты. Іс-шараның мақсаты - Италия мен Орталық Азия арасындағы өзара іс-қимылдың түрлі салаларындағы қатынастардың жай-күйі мен даму перспективаларын талқылау.
Семинардың ашылуында сөз сөйлеген Италияның Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрінің орынбасары Э.Чириелли Орталық Азияның әлемдегі өсіп келе жатқан стратегиялық маңыздылығын және аймақты Италиямен біріктіретін терең байланыстарды атап өтті. Э.Чириеллидің айтуынша, аймақтық деңгейде Италия саяси, экономикалық және мәдени салалардағы өзара іс-қимылды нығайту мақсатында «ОА+Италия» форматында Орталық Азияның бес елімен мерзімді консультациялар тетігін іске қосқан алғашқы еуропалық ел болды.
Семинарда баяндама жасаған ҚР Италиядағы Елшісі Е.Сембаев Италия Қазақстанның Еуропадағы стратегиялық серіктестерінің бірі екенін атап өтті. Біздің елдерімізді өзара құрметке, сенімге және ынтымақтастыққа прагматикалық тұрғыда негізделген берік қатынастар байланыстырады. Италия Қазақстанның аса ірі сауда-экономикалық серіктестерінің үштігіне кіреді. 2024 жылы екіжақты тауар айналымы рекордтық 20 млрд долларға жетті.
«Ең жоғары деңгейде қалыптасқан тығыз саяси диалог соңғы жылдары айтарлықтай жандана түсті. Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың өткен жылғы Римге сапары, сондай-ақ Премьер-Министр Дж.Мелонидің Астанаға жауап сапары осы оң үрдісті айқын растайды. Еуропалық Одақтың жетекші саяси және экономикалық орталықтарының бірі – Италиямен ынтымақтастық Қазақстан үшін стратегиялық маңызға ие және серіктестікті одан әрі нығайту үшін кең перспективалар ашады», - деді Е.Сембаев.
Елші Е.Сембаевтың айтуынша, Орталық Азия тұрақты даму саласында да, өзара тиімді халықаралық байланыстарды кеңейту тұрғысында да зор әлеуетке ие өңір болып табылады. Өңірдің бірегей геостратегиялық жағдайы, елеулі экономикалық әлеуеті және жас халқы бар, бұл әріптестіктің жаңа нысандарын дамыту үшін қолайлы жағдай жасайды.
«Өңірдің барлық елдерінің бірлескен күш-жігерінің арқасында Орталық Азия өзін халықаралық саясаттағы белсенді ойыншы ретінде танытуда. Бүгін біз геосаяси шиеленістің өсуіне, аймақтық қақтығыстардың өршуіне және жаһандық сауда бәсекелестігінің күшеюіне куә болып отырмыз. Серпінді геосаяси өзгерістер мен жаһандық сын-қатерлер дәуірінде өңіраралық ынтымақтастықты кеңейту стратегиялық маңызға ие болатынына мен кәміл сенімдімін», - деп атап өтті қазақстандық дипломат.
Елші Е.Сембаев Италияның Орталық Азия елдері мен Еуропалық Одақ арасындағы маңызды байланыстырушы буын ретіндегі рөлін атап өтті. Оның айтуынша, ЕО-дағы белсенді ұстанымының арқасында Италия диалогты дамытуға, өзара түсіністікті нығайтуға және өңіраралық ынтымақтастық шеңберінде практикалық бастамаларды іске асыруға маңызды үлес қосуда.
Семинарда Қырғызстан Елшісі Т.Базарбаев, Тәжікстан Елшісі Ж.Убайдулло, Түркіменстан Елшісі Т.Көмеков және Өзбекстан Елшісі А.Файзуллаев баяндама жасап, іс-шараға қатысушыларға өз елдерінің Италиямен қатынастарын дамыту жөнінде айтып берді.
Семинар аясында іс-шараға қатысушыларға Италия Премьер-Министрінің орынбасары - Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрі А.Таянидің құттықтау хаты оқылды.
Сонымен қатар, іс-шарада халықаралық ұйымдардың итальяндық қоғамының президенті Р.Сесса, Италия СІМ жанындағы Италия-Орталық Азия министрлік кездесуінің үйлестірушісі Ф.Фаилла, білім беру саласындағы ынтымақтастық жөніндегі итальяндық агенттіктің директоры М.Рускони, сондай-ақ түрлі итальяндық мемлекеттік мекемелер мен жоғары оқу орындарының өкілдері сөз сөйледі.