Триест, 8 мамыр 2025 жыл – Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 80-жылдығын мерекелеу аясында Қазақстанның Италиядағы Елшісі Ерболат Сембаев соғыс кезінде Италияның солтүстік өңірлерін, соның ішінде Триест қаласын азат ету кезінде қаза тапқан Югославия халық-азаттық армиясының тоғызыншы корпусы 30-шы дивизиясының 36 қазақстандық жауынгеріне арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойды.
Іс-шараға қатысушылардың алдында сөз сөйлеген Елші Е.Сембаев Қазақстанның фашистік басқыншыларды жеңуге қосқан зор үлесін атап өтті. Оның айтуынша, көптеген қазақстандықтар майданға өз еркімен аттанып, Отанының бостандығы мен тәуелсіздігі үшін өз өмірлерін қиды.
«Бүгін Триест қаласындағы ескерткіштің арқасында біз жеңіс үшін жан тапсырған сарбаздардың есімдерін мақтанышпен еске аламыз. Италия жерінде қалған қазақстандық батырлардың есімдері мәңгі есте қалсын. Біздің жүздеген отандастарымыз өздерінің өлмес ерліктерімен Ұлы Жеңіс тарихына мәңгілікке өз есімдерін жазды. Триестті азат етуге қатысқан 36 қазақстандықтың және соғыстың басқа да батырларының есімдері біздің есімізде мәңгі сақталады», - деді Е.Сембаев.
Ескерткіш 2010 жылғы 25 сәуірде ашылған. Оның авторы қазақстандық мүсінші А.Құтанов. Биылғы жылы ескерткіш Қазақстан Республикасының Италия Республикасындағы Фриули-Венеция-Джулия аймағындағы Құрметті консулы Лука Беллинеллоның көмегімен қалпына келтірілді.