Итальяндық студенттер Нью-Йоркте өтетін БҰҰ моделінде Қазақстанға өкілдік етеді

Итальяндық студенттер Нью-Йоркте өтетін БҰҰ моделінде Қазақстанға өкілдік етеді

Рим, 19 наурыз 2025 жыл - Қазақстанның Италиядағы Елшілігінде Елші Ерболат Сембаевтың биыл сәуір айында Нью-Йорк қаласында Қазақстан Республикасының атынан өкілдік ететін делегаттар ретінде БҰҰ моделіне, яғни БҰҰ комиссияларының жұмысын имитациялау жөніндегі ойындарға қатысуды жоспарлап отырған итальяндық жоғары оқу орындарының студенттерімен - "Ambasciatori - Next Generation Italia" қауымдастығының мүшелерімен кездесуі өтті. Кездесуде Елші Е.Сембаев итальяндық студенттерге Қазақстанның сыртқы саясатының негізгі басымдықтары туралы баяндап, еліміздің кейбір халықаралық мәселелер бойынша ұстанымымен таныстырды.

«Тәуелсіздік алған 30 жылдан астам уақыт ішінде Қазақстан тиімді сыртқы саясат құрып, соның арқасында елдің табысты қалыптасуы мен дамуы үшін аса маңызды міндеттер шешілді, жоғары беделге және әлемдік қоғамдастықтың тануына ие болды. Еліміз халықаралық сахнада өз позициясын нығайтты, бейбітшілікті сүйетін және ашық мемлекет, жаһандық және өңірлік процестерде сенімді әріптес ретінде орнықты», - деді Е.Сембаев.

Сондай-ақ, Елші бүгінде Қазақстан әлемнің барлық дерлік мемлекеттерімен дипломатиялық қатынастарды қолдайтынын, барлық континенттерде өкілдіктері бар екенін атап өтті. Көптеген негізгі әлемдік ойыншылармен стратегиялық серіктестік қатынастар орнатылды.

«Біздің еліміз БҰҰ Жарғысын, халықаралық құқықты және халықаралық қатынастардағы теңдік пен демократия қағидаттарын тұрақты сақтауды қолдайды. Қазақстанның сыртқы саясаты халықаралық жағдайға, жаңа сын-қатерлер мен қауіптерге, сондай-ақ өзекті сыртқы саяси міндеттерге сүйене отырып үнемі жетілдіріліп отырады. Шекаралардың периметрі бойынша қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету, Қазақстанның өңірлік және жаһандық саясат субъектісі ретіндегі рөлін арттыру, шетелде ұлттық мүдделерді қорғау және қамтамасыз ету негізгі міндеттер болып қала береді», - деді Е.Сембаев.

Қазақстанның жаһандық қарусыздану мен таратпау процесіне қосатын үлесі, мәдениетаралық және өркениетаралық диалогты дамыту сияқты негізгі сыртқы саяси бастамаларға ерекше назар аударылды. Елші Е.Сембаев студенттерге еліміздің әлемдегі геосаяси және геоэкономикалық процестердегі рөлі, түрлі халықаралық ұйымдарға қатысуы, Қазақстанның неғұрлым өзекті халықаралық проблемалар бойынша ұстанымы туралы айтып берді.

Кездесу аяқталғаннан кейін итальяндық студенттерге Наурыз мерекесіне орай қазақтың ұлттық тағамдары ұсынылды. Қазақстандық домбырашы студенттер қонақтарға танымал қазақ композиторларының күйлерін орындап берді.