
Флоренция, 29 қараша 2024 жыл – Бүгін Флоренцияда көрнекті геолог-ғалым, академик, Қазақстан Ғылым Академиясының тұңғыш Президенті Қаныш Сәтбаевтың 125-жылдығына арналған «Қазақстанның минералдық ресурстары және тау-кен өндіру саласы» атты семинар өтті. Тоскана геология Қоры мен Қазақстан Республикасының өңірдегі Құрметті консулдығы ұйымдастырған семинарда Қазақстанның минералдық ресурстар, сирек жер металдары саласы, сондай-ақ олардың инвестициялық әлеуеті таныстырылды.
Іс-шарада Тоскана Геология қорының президенті Э.Ливи, Тоскана аймағының іскерлік қауымдастығының президенті М.Бигацци, Италиядан сайланған Еуропалық парламент депутаты Ф.Торселли, Тоскана аймағындағы Қазақстанның құрметті консулы Ф.Альбини, Италия-Қазақстан Сауда палатасының президенті М.Беретта, Италияның «Enel Green Power» аса ірі энергетикалық компаниясының өкілі Дж.Векиески және т. б. сөз сөйледі.
Сонымен бірге, семинарда Италия Парламенті Сенатының Төрағасы И.Ла Русса мен Италия туризм министрі Д. Сантанке де онлайн форматта қошемет көрсетіп, Қазақстан мен Италия арасындағы ынтымақтастықтың үлкен сауда-экономикалық әлеуетін атап өтті.
Қазақстан тарапынан ҚР Италиядағы Елшісі Е.Сембаев құттықтау сөз сөйлеп, семинарға қатысушыларды Қаныш Сәтбаев туралы кітаппен таныстырды. Іс-шарада сондай-ақ «Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Қ.Шабанбаев, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары М.Сұлтанбек пен «Kazakh Invest»-тің Италиядағы өкілі А.Мұқанова баяндама жасады.
Е.Сембаев өз сөзінде Қазақстанның энергетикалық ресурстар мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің әлемдік жетекші өндірушісі ретіндегі Орталық Азиядағы маңызды рөліне тоқталып, еліміздің елеулі шетелдік инвестицияларды тартатынын және бизнесті жүргізу үшін айрықша жағдай жасайтынын тілге тиек етті.
«Қазақстан Азияны Еуропалық Одақпен байланыстыратын «Орта дәліз» немесе Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы жүк тасымалын жүзеге асыруда шешуші рөл атқарады. Бұл бағыт сауда мен инвестицияның жаңа мүмкіндіктерін ашады. Бұл өз кезегінде тауарларды Үнді мұхиты арқылы тасымалдау уақытын екі есеге қысқартуға мүмкіндік береді. Азия мен Еуропа арасындағы құрлықтағы транзиттік тасымалдардың 80%-ы Қазақстан арқылы өтеді», - деді Е.Сембаев.
Сондай-ақ, Елші Қазақстан мен Италия арасындағы қатынастарға жеке тоқталып, Италияның еліміздің Еуропадағы №1 сауда серіктесі және әлемдегі үшінші сауда серіктесі ретінде Қазақстанның аса маңызды стратегиялық серіктесі екендігін атап өтті.
«Өткен жылы біздің елдеріміз арасындағы тауар айналымы шамамен 16 млрд. долларды құрады. Бұл соңғы 9 жылдағы ең жақсы көрсеткіш. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанға құйылған итальяндық инвестициялардың көлемі 9 млрд. долларға жетті. Қазіргі таңда елімізде 300-ге жуық итальяндық компания жұмыс істеуде, олардың ішінде ENI, SDF Group, PetroValves, Maire Tecnimont, IVECO, Tenaris және басқа да ірі инвесторлар бар», - деді Елші Е.Сембаев.
Семинар барысында ҚР Елшісі іс-шараға қатысушылардың назарына қазақстандық автор Б.Барысбеков жазған «Қаныш Сәтбаев. Халыққа арналған күш пен қабілет» атты кітапты ұсынды. Қ.Сәтбаев туралы айта отырып, Е.Сембаев көрнекті геолог-ғалымның Қазақстандағы ғылымның қалыптасуы мен дамуына қосқан баға жетпес үлесін атап өтті.
«Қаныш Сәтбаевтың есімі әр қазақстандыққа белгілі. Қазақстанда бұл ғалымның туған күні – 12 сәуір ресми түрде барлық ғылым қызметкерлерінің кәсіби мерекесі болып танылғаны кездейсоқ емес. Сәтбаев қазақстандық ғылымды өзгертіп қана қоймай, күллі елдің тұрмысын түбегейлі өзгерткен кейбір тағдыршешті оқиғаларға әсер етті», - деді Е.Сембаев.
Қазақстандық дипломат Қаныш Сәтбаев туралы кітапты Тоскана Геология қорына сыйға тартты.
Семинарда «Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Қ.Шабанбаев Қазақстандағы маңызды шикізат түрлерін, сондай-ақ сирек және сирек жер металдарын дамыту перспективалары туралы сөз сөйледі. Қазақстанда сирек және сирек жер металдарын өндіру саласындағы инвестициялық әлеует және Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері туралы «Kazakh Invest» ҰК" АҚ Басқарма төрағасының орынбасары М.Сұлтанбек және «Kazakh Invest»-тің Италиядағы өкілі А.Мұқанова баяндама жасады.
Өз кезегінде, итальян тарапынан сөз сөйлеген спикерлер екіжақты қарым-қатынастардың зор әлеуетін атап өтіп, Италияның Қазақстанмен, оның ішінде минералдық ресурстар саласындағы іскерлік және инвестициялық ынтымақтастыққа дайын екенін атап өтті. Атап айтқанда, Италиядан сайланған Еуропарламент депутаты Ф.Торселли Италияның Қазақстанмен де, жалпы Орталық Азиямен де ынтымақтастығының маңыздылығына назар аударды. Оның айтуынша, Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасында қол қойылған Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісім өзара тиімді қарым-қатынастардың дамуына ықпал етуі тиіс.