Милан, 7 қазан 2024 ж. Миланда «Қазақстан-Италия сауда-инвестициялық мүмкіндіктері. Қазақстанға жол» атты үш күндік бизнес-форум ашылды. Форумды Италия-Қазақстан сауда қауымдастығы, Қазақстанның Италиядағы Елшілігі және «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ ұйымдастырды. Оның жұмысына энергетика, тау-кен өнеркәсібі, металлургия, қаржылық қызметтер, жеңіл өнеркәсіп, туризм, инфрақұрылым, логистика, ауыл шаруашылығы, фармацевтика және технологиялық инновациялар сияқты стратегиялық маңызды секторларда жұмыс істейтін ірі қазақстандық және итальяндық компаниялардың өкілдері қатысуда.
Форум Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы жылдың қаңтар айында Италияға ресми сапарының қорытындысы бойынша берген тапсырмаларын іске асыру шеңберінде өтуде. Іс-шара екі елдің бизнесі мен кәсіпкерлері арасында тәжірибе алмасу және серіктестік қатынастар орнатуға арналған бірегей алаң болып табылады.
Форумда Италия Үкіметі мен Парламентінің жоғары лауазымды тұлғалары – Сенат Төрағасы Игнацио Ла Русса, Италия Республикасынан Еуропалық Одақ саясаты жөніндегі комиссиясының төрағасы, сенатор Джулио Терци ди Сант-Агата, Италияның Туризм министрі Даниела Сантанке, Ломбардия аймағының президенті Аттилио Фонтана, Италияның қаржы комиссиясының төрағасы Марко Ознато, Италияның Кәсіпкерлік істері және «Италияда жасалған» министрінің орынбасары Валентино Валентини сөз сөйледі.
Қазақстаннан іс-шараға ҚР Сауда және интеграция министрі А.Шаққалиев бастаған сауда-экономикалық миссия қатысты. Қазақстандық делегация құрамына ҚР Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев, «QazTrade» АҚ Бас директоры Жеңіс Өсербай және т. б. енді.
Бизнес-форумның ашылуында сөз сөйлеген ҚР Италиядағы Елшісі Ерболат Сембаев қазіргі Қазақстан-Италия қатынастары айтарлықтай белсенділікпен сипатталатынын, бұған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы жылғы қаңтарда Италияға ресми сапары, сондай-ақ Үкімет мүшелері, ұлттық компаниялар мен іскер топтар басшылары деңгейіндегі басқа да сапарлар дәлел бола алатынын атап өтті.
«Бүгін итальяндық бизнес үшін Қазақстан экономикасында өз орнын табуға және екіжақты іскерлік қатынастардың дамуына үлес қосуға жаңа мүмкіндіктер ашылуда. Әлемдегі тұрақсыз жағдайға қарамастан, Италия Қазақстанның стратегиялық сауда серіктестерінің бірі болып қала береді. Өткен жылы елдеріміз арасындағы өзара тауар айналымының жалпы көлемі 16 млрд долларға жетті, бұл соңғы 9 жылдағы ең үздік көрсеткіш», - деді Е.Сембаев.
Форумның пленарлық сессиясында сөз сөйлеген ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстардың даму қарқынының артып келе жатқанын атап өтті.
«Италия Қазақстанның Еуропалық Одақ елдері арасындағы негізгі сауда серіктестерінің бірі және сауда көлемі бойынша жетекші серіктестердің үштігіне кіреді. Екіжақты сауда көлемін ұлғайту үшін біз итальяндық әріптестерімізге «Қазақстанда Италиямен жасалған» бірыңғай тұжырымдамасын енгізу жөніндегі мәселені пысықтауды ұсындық. Бұл тұжырымдама итальяндық компаниялардың қатысуымен бірлескен кәсіпорындарда өндірілген барлық өнімдерді ілгерілетуге бағытталған», - деді А. Шакқалиев.
Өз кезегінде, Италия тарапынан сөз сөйлеген спикерлер екіжақты өзара іс-қимылдың жоғары әлеуетін атап өтті. Италия Парламенті Сенатының төрағасы И.Ла Русса Италияның Қазақстанмен ынтымақтастықты дамытуға айтарлықтай көңіл бөлетінін және бүгінгі бизнес-форум екіжақты қатынастардың жоғары деңгейін тағы да растайтынын тілге тиек етті.
«Бұл форум Қазақстан мен Италия арасындағы қатынастарды дамыту мәселесіне қайта оралуға мүмкіндік береді. Мұны мен жақында Римде Қазақстан Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевпен кездесуде талқыладым. Бүгінде Италия Еуропа мен Азия арасындағы көпір бола алатын Қазақстанға өте жоғары көңіл бөлуде, бұған өнеркәсіп пен сауда саласындағы белсенді ынтымақтастық айғақ бола алады», - деді И.Ла Русса.
Италия туризм министрі Д.Сантанке болса Қазақстан мен Италия арасындағы туризм саласындағы ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығына тоқталды.
«Туристік сектордың Қазақстан мен Италия арасындағы қатынастардағы болашағы үлкен екені сөзсіз. Біз екі ел үшін де даму көзі бола алатын стратегиялық синергияны құру үшін өз тәжірибемізбен және білімімізбен бөлісуге дайынбыз. Қазақстандықтарды біздің туристік әлеуетіміз қызықтырады, оның жағымды тұсы – өнер, мәдениет, гастрономия және сән. Сондықтан біз серіктестікті нығайту, оның ішінде «Eni» компаниясының қызметі мен қазақстандық туроператорлардың қажетті қолдауының арқасында жұмыс істеп жатырмыз», - деді ол.
Форумның екінші бөлігінде Қазақстан мен Италия арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды кеңейту мәселелері талқыланды, оған «Maire Group», «Ansaldo Energia», «Neos», «ASTOI», «Filiera Italia», «Confindustria Accessori Moda», «Seingim», «RossoEvolution», «Confindustria Kazakhstan», «Экспорттық-сақтандыру компаниясы» АҚ, «Қазақстанның экспорттық-несиелік агенттігі» сияқты қазақстандық және итальяндық компаниялардың басшылары қатысты.
Бизнес-форумның бірінші күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан мен Италия арасындағы сауда-инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған бірқатар құжатқа қол қойылды.