Қазақстандағы саяси және экономикалық реформалар Римнің Ротари клубында таныстырылды

Қазақстандағы саяси және экономикалық реформалар Римнің Ротари клубында таныстырылды

Рим, 17 қыркүйек 2024 ж. Бүгін әлемнің миллионнан астам іскер адамдарын біріктіретін «Rotary International» жаһандық үкіметтік емес қайырымдылық бірлестігінің итальяндық бөлімшесі Рим Ротари клубы мүшелерінің кездесуі өтті. Жиынға кәсіпкерлер, итальяндық компаниялардың басшылары, меценаттар және т.б. қатысты. Кездесу Қазақстан және оның қазіргі кезеңдегі дамуына арналды.

Кездесуге қатысушылардың алдында сөз сөйлеген Қазақстанның Италиядағы Елшісі Ерболат Сембаев еліміздің Орталық Азиядағы ерекше орнын атап өтіп, оның аймақтың экономикалық және саяси локомотиві ретіндегі рөліне назар аударды.

«Қазақстан ежелден Шығыс пен Батыстың, Солтүстік пен Оңтүстіктің тоғысқан жері, көптеген мәдениеттер, өркениеттер мен діндер тоғысқан орын болды. Біз көне тарихымыз бен сан қырлы мәдени мұрамызды шын мәнінде мақтан тұтамыз. Тауарлардың, мәдени жетістіктер мен идеялардың үздіксіз алмасуынан Қазақстанның ұлттық бірегейлігі мен оның көпжақты ынтымақтастығының ерекше бренді пайда болды», - деп атап өтті Е.Сембаев.

Сондай-ақ қазақстандық дипломат кездесуге қатысушылардың назарын еліміздің қазіргі кезеңдегі дамуына аударды.

«Бүгінде Қазақстан - Орталық Азияның ірі экономикасы, әлемдегі энергетикалық ресурстар мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жетекші өндірушісі. Геосаяси күйзелістерге қарамастан, Қазақстан айтарлықтай шетелдік инвестицияларды тарту және бизнесті жүргізу үшін ерекше жағдайды қамтамасыз етуді жалғастыруда. Қазақстан Азияны Еуропалық Одақпен байланыстыратын «орта дәліз» немесе Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы жүк тасымалын жүзеге асыруда шешуші рөл атқарады», - деп атап өтті қазақстандық дипломат.

Елші Е.Сембаев ҚР Президенті Қ.Тоқаев ұсынған реформалардың кешенді бағдарламасы аясында елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды өзгерістерге жеке тоқталды. Атап айтқанда, Елші Мемлекет басшысының жақында жарияланған «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі мақсаттары белгіленген Қазақстан халқына Жолдауын атап өтті.

«Саяси және экономикалық жүйелердің ауқымды трансформациясы Қазақстанға осындай қысқа мерзімде, әсіресе саяси салада осындай түбегейлі өзгерістерді жүзеге асырған өңірдегі жалғыз ел болуға мүмкіндік берді. Саяси реформалардың ерекше қазақстандық моделі қалыптасты деп айтуға болады. Президент Қ.Тоқаевтың атом электр станциясын салу мәселесі бойынша алдағы 6 қазандағы жалпыұлттық референдум жөнінде хабарлауы маңызды оқиға болды. Алдағы референдум кең ұлттық диалогтың тағы бір көрінісі және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асырудың жарқын үлгісі болмақ», - деп атап өтті Е.Сембаев.

Қазақстандық дипломат сондай-ақ еліміздің Астана бейбітшілік процесі, әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездері, «Астана» халықаралық қаржы орталығы, БҰҰ қамқорлығымен Ауғанстанға жан-жақты көмек көрсету сияқты негізгі халықаралық бастамалары туралы айтып берді.

Елші Е. Сембаев Қазақстан мен Италия арасындағы ынтымақтастықты да назардан тыс қалдырмай, екі ел арасындағы қатынастардың стратегиялық сипатын атап өтті.

«Италия Қазақстанның Еуропадағы №1 сауда серіктесі және әлемдегі үшінші сауда серіктесі. Өткен жылы біздің елдеріміз арасындағы тауар айналымы шамамен 16 млрд. долларды құрады, бұл соңғы 9 жылдағы ең жақсы көрсеткіш. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанға итальяндық инвестициялар көлемі 9 млрд. долларға жетті. Қазіргі таңда елімізде 300-ге жуық итальяндық компания табысты жұмыс істеуде, олардың ішінде ENI, SDF Group, PetroValves, Maire Tecnimont, IVECO, Tenaris және басқа да ірі инвесторлар бар», - деді қазақстандық дипломат.

Елшінің айтуынша, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы жылдың қаңтар айында Римге ресми сапары екіжақты қатынастарға қуатты серпін беріп, оларды сапалы жаңа деңгейге көтерді.

Кездесуде Рим Ротари клубының Президенті Н. Витальяно Доменико сөз сөйлеп, Қазақстан мен Италия арасындағы қарым-қатынастардың қарқынды дамуын атап өтті.  

«Kazakh Invest» АҚ-ның Италиядағы өкілі Алтынай Мұқанова екі ел арасындағы сауда-экономикалық қатынастар туралы толығырақ баяндама жасап, ағымдағы және перспективалы қазақстандық-итальяндық инвестициялық жобалар туралы айтып берді.

«Rotary International» - бүкіл әлем бойынша Ротари клубтарын біріктіретін жүз жылдан астам тарихы бар халықаралық үкіметтік емес бірлестік. Ротари клубтар ұлттық және нәсілдік, діни және саяси көзқарастарға қарамастан барлық елдер үшін ашық діни емес және саяси емес гуманитарлық-қайырымдылық ұйымдары ретінде сипатталады. «Rotary International» мәліметтері бойынша әлемде 1,4 млн-нан астам мүше тіркелген 46 000-нан аса клуб бар.