Спикер Мәулен Әшімбаев бастаған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының делегациясы Италияға жұмыс сапарымен келді

Спикер Мәулен Әшімбаев бастаған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының делегациясы Италияға жұмыс сапарымен келді

Рим, 4 сәуір 2024 ж. – Сапар барысында М.Әшімбаев Италия Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы И.Ла Руссамен кездесті. Кездесуде Қазақстан Республикасы Парламентінің жоғарғы палатасының Төрағасы Италия Қазақстанның Еуропалық Одақтағы негізгі стратегиялық серіктестерінің бірі екенін, ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың биылғы қаңтардағы Римге ресми сапары елдеріміздің экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығына қуатты серпін бергенін атап өтті.

Өз кезегінде И.Ла Русса Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларды қолдайтынын айтып, екі ел арасындағы қарым-қатынасты одан әрі нығайтудың маңыздылығына тоқталды.

Екіжақты кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін де талқылады. Одан бөлек, екі жақ білім беру және туризм саласындағы серіктестікті кеңейту жөнінде пікір алмасты.

Қазақстанның парламенттік делегациясы да Ватиканға жұмыс сапарымен барды. Сапар аясында экология, жаһандық жылыну және қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне арналған дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Іс-шара барысында Мәулен Әшімбаев Қазақстан Президенті жасыл экономикаға көшу мәселесіне баса мән беріп отырғанын айтты. Соған сәйкес ұлттық заңнама, Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі Парламенттік комиссияның қызметі және басқа да бағыттар аясында кешенді жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді.

Дереккөз: www.senate.parlam.kz