Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатының басты тезистері

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатының басты тезистері

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» республикалық газетіне көлемді сұхбат беріп, онда 2024 жылға арналған негізгі басымдықтарға және күн тәртібіндегі маңызды мәселелерге тоқталды.

Атап айтқанда, 2022 жылғы қаңтардағы қайғылы оқиғалар, ауқымды экономикалық жоспарлар мен еліміздің сыртқы саясаты туралы ойымен бөлісті.

 

2023 жылдың маңызды оқиғалары туралы

  • Негізгі саяси реформалар аяқталды:
  • Конституциялық Сот өз жұмысын бастады.
  • Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары жаңа ереже бойынша сайланды.
  • Алғаш рет аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдері сайланды.
  • Ауыл және аудандық маңызы бар қала әкімдерін сайлау жалғасты. Былтыр 700-ге жуық ауыл әкімі сайланды.
  • Еліміздің түкпір-түкпірінде білім ошақтары, оның ішінде, «жайлы мектептер» бой көтеруде, ауылдарда денсаулық сақтау нысандары салынуда.
  • Әлеуметтік кодекс қабылданды.
  • Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтар үшін арнайы төлемақы енгізілді.
  • Медицина қызметкерлерінің, мектепте, колледжде және балабақшада жұмыс істейтін педагогтердің жалақысы өсті.
  • Ұлттық қордан балаларға қаржы беру мәселесін реттейтін заң күшіне енді.
  • Ең төменгі жалақыны анықтайтын әдістеме қабылданды.

 

 Елдің 2024 жылға арналған басты міндеттері туралы

  • 2029 жылға қарай жалпы ішкі өнімді қазіргіден екі есеге арттыру жөнінде стратегиялық мақсат қойылды.
  • Қазақстан ұлт мүддесін ескере отырып, сындарлы әрі салиқалы сыртқы саясатты жалғастырады:
  • Қазақстан бірнеше беделді халықаралық ұйымға, атап айтсақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымына, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске, Түркі мемлекеттері ұйымына, Аралды құтқару халықаралық қорына, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымына төрағалық етеді.
  • Қазақстанда Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді.
  • Қазақстан тарихының көптомдығын әзірлеу жұмыстары аяқталады.

 

2022 жылғы қайғылы қаңтар оқиғалары туралы

  • Қаңтар оқиғасына жылдар бойы қордаланған әлеуметтік-экономикалық проблемалар, жалпы тоқы­раудың билік пен қоғамды аздырып-тоздыруы себеп болды.
  • Бас прокуратураның тергеуінен қаңтар оқиғасының бірнеше толқын­мен өрбігенін көруге болады. Шерулер алдымен Маңғыстау облысында басталды. Көп ұзамай басқа да өңірлерге жайылды. Орталық билік және әкімдіктер жағдайды реттеуге тырысқанымен, ел ішіндегі ахуал шие­­ленісіп кетті. Ортақ мәмілеге келу үшін жүргізілген келіссөздер мен диа­ло­г­ке толқуды ұйымдастырушылар еш мойын бұрмады.
  • Қаскөйлердің мемлекеттік төңкеріс жасамақ болған жоспарын жүзеге асыру үшін экстремистер, қылмыстық топ­тар және әсіре діншілдер бірге қи­мылдады. Олардың мақсаты ел ішіне үрей туғызу, мемлекеттік институттардың қызметін тұралату, конституциялық құрылымның іргесін шайқау, ақыр соңында билікті басып алу еді.
  • Қауіпсіздік кеңесі Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына жүгіну туралы шешім қабылдады. Қазақстан оның бітімгерлік күштерін тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ғана қысқа мерзімге енгізуді сұрады.
  • Ымыраласқан қаскөйлер өздері ойлап тапқан қосарланған билік, яғни «тандем» идеясын дәріптеп, оны өз мүддесіне пайдаланғысы келді.

 

Саяси реформалар туралы

  • Реформаның басты міндетінің бірі барынша әділ әрі теңгерімді саяси жүйе құру болды.
  • Ата заңға енгізілуі мүмкін кез келген өзгеріс пен толықтыру Конституциялық Соттың оң қорытындысы болса ғана республикалық референдумға немесе Парламенттің қарауына шығарылады.
  • Президент жеті жыл мерзімге бір рет қана сайланады деген ереже еш өзгермейді.
  • Реформалардың нәтижесінде Мәжіліс жаңа сайлау жүйесімен, яғни партиялардың тізімі және бірмандатты округтер арқылы жасақталатын болды.
  • Президент лауазымына бір-ақ рет сайлану туралы ереже енді ешқашан өзгермейді.
  • Жастардың атқарушы және заң шығарушы билік тармақтарында қызмет етуіне жол ашатын кешенді шаралар қабылданды.
  • Саяси реформалар аясында партиялардың сайлау тізімін жасақтағанда және депутат мандатын бөлгенде әйелдер, жастар және мүмкіндігі шектеулі жандар үшін квота енгізілді.
  • Реформалар адам құқықтарын қорғау жүйесін күшейтті:
  • Заңдарға қазылардың тәуелсіздігін күшейтетін түзетулер енгізілді.
  • Алқа билердің қарауына жататын істердің аясы кеңейді.
  • Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институты толық жұмыс істеп тұр. Оған конституциялық мәртебе берілді.
  • Былтыр желтоқсан айында адам құқықтарына қатысты екінші Жарлыққа қол қойылды.

 

Экономикалық даму туралы

  • Президенттің былтырғы қыркүйектегі Жолдауында Үкіметке мұндай жобаларды анықтау және инфрақұрылымды дамыту жоспарын әзірлеу туралы тапсырма берілді. Бұл жобалар ірі бизнес өкілдерімен, институционалды инвесторлармен және сарапшылармен бірге пысықталып, нақты жұмыс жасалып жатыр.
  • Инвестиция тартудың маңызды мәселесін жекешелендіру және активтерді қайтару арқылы шешу қажет.
  • Үкімет мемлекет пен бизнестің қарым-қатынасын қайта қарауға мүмкіндік беретін жаңа Салық кодексін әзірлеуде.
  • Тұтыну несиесін беру тәртібін және коллектор ұйымдарының қызметін қатаң реттеу керек.
  • Борышкерлер құқығын қорғау үшін несие беру туралы заңнамаға енгізілетін түзетулер әзірленді.
  • Банк омбудсменінің өкілеттігі де кеңейтіледі.

 

Коммуналдық қызмет және атом энергетикасы туралы

  • Бүкіл ел бойынша инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту мәселесі кезең-кезеңімен шешілуде.
  • Күрделі апаттардың алдын алып, үйлерге жылудың үздіксіз берілуін қамтамасыз ету керек. Бірақ жаңа қуат көздерін ашу, желілерді біртіндеп жаңарту және коммуналдық саланы түгел жаңғырту басты міндет.
  • Қазақстанда атом электр стансасын салу мәселесі қоғамдық талқылаудан өтетін болады.

 

Қазақстанның сыртқы саясаты туралы

  • Қазақстан тиімді әрі салиқалы сыртқы саясат жүргізу арқылы өзінің ұлттық мүддесін қорғап, стратегиялық міндеттерін орындап келеді.
  • Әлем елдері Орталық Азияға айрықша назар аударуда. «С5+» үлгісі маңызды диалог алаңына айналды. Биылғы жылы Қазақстанда Орталық Азия мемлекеттері басшыларының жыл сайынғы кездесуі өтеді.
  • Биылғы маусым айында өтетін Астана халықаралық форумына әлемнің көптеген көшбасшысы мен жаһандық деңгейдегі компаниялардың жетекшілері қатысады.
  • БҰҰ Бас Ассамблеясы аясында Франциямен бірлесіп «One Water Summit» халықаралық форумын өткізу туралы уағдаластықтың мән-маңызы зор. Бұл басқосу климаттың өзгеруіне қатысты жаһандық қозғалысқа сүбелі үлес қосатын жиын болмақ.
  • Ресей Қазақстанның негізгі серіктесі әрі одақтасы. Өткен отыз жылда мем­лекет­аралық байланыстардың іргесі беки түсті. Екі ел арасында 300-ден астам шарт пен келісім жасалған. Барлық саладағы екіжақты ынтымақтастық тетіктері жұмыс істеп тұр.
  • Бүгінде Қазақстан мен Қытайдың қарым-қатынасы достық, тату көршілік және мәңгілік стратегиялық серіктестік рухында қарқынды дамып келеді.
  • Қазақстанның Шығыс пен Батыстың арасындағы ұтымды жерде тұрғаны қытай тауарларын түрлі бағытқа Қазақстан аумағы арқылы тасымалдауға зор мүмкіндік береді.