Қазақстан Республикасы мен Сан-Марино Республикасы визасыз режим туралы келісімге қол қойды

Қазақстан Республикасы мен Сан-Марино Республикасы визасыз режим туралы келісімге қол қойды

Сан-Марино қаласы, 8 қараша 2023 ж. - Бүгін Сан-Марино қаласында Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сан-Марино Республикасының Үкіметі арасындағы визалық талаптардан өзара босату туралы келісімге қол қойылды. Құжатқа Қазақстан Республикасының Мальта Республикасындағы және Сан-Марино Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы Ерболат Сембаев пен Сан-Марино Республикасының сыртқы істер, халықаралық экономикалық ынтымақтастық және телекоммуникациялар жөніндегі Мемлекеттік хатшысы Лука Беккари қол қойды.

Қазақстан Республикасы мен Сан-Марино Республикасы арасындағы бұл тарихи келісім туризмді, іскерлік байланыстарды және халықаралық ынтымақтастықты дамытып, екі елдің азаматтары үшін жаңа перспективалар ашады.

Келісімге сәйкес ұлттық, дипломатиялық немесе қызметтік паспорттар сияқты жарамды жол жүру құжаттары бар Қазақстан Республикасы мен Сан-Марино Республикасының азаматтары туристік, іскерлік және басқа да мақсатта бір реттік немесе бірнеше рет сапарларға бару үшін әрбір 180 күн ішінде 90 күннен аспайтын мерзімге визалық талаптардан босатылады.

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сан-Марино Республикасының Үкіметі арасындағы визалық талаптардан өзара босату туралы келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күнтізбелік 30 күн өткен соң күшіне енеді.

Осылайша Қазақстан паспорт беделі рейтингісінде өз позициясын жақсартып, бір сатыға жоғарылады.