Казахстан и Италия расширяют инвестиционное партнерство

Казахстан и Италия расширяют инвестиционное партнерство

Милан, 26 сәуір 2023 жыл, – Бүгін Миланда «Kazakh Invest» ҰК» АҚ, Қазақстанның Италиядағы Елшілігі және қазақстан-итальян сауда-өнеркәсіп палатасы бірлесіп ұйымдастырған «Қазақстан – зор мүмкіндіктер елі» атты Қазақстан-Италия бизнес-форумы өтті. Оған агроөнеркәсіп кешені, жеңіл өнеркәсіп, логистика, туризм, машина жасау, энергетика және т.б. салалардағы 100-ден астам итальяндық компания қатысты.

Қазақстан тарапынан «Kazakh Invest» ҰК» АҚ, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ, «Қазпошта» АҚ ұлттық компанияларының басшылығы, мемлекеттік органдар мен жеке компаниялардың өкілдері қатысты.

Форум өткізілген орын кездейсоқ таңдалған жоқ. Милан – Ломбардия өңірінің астанасы, итальяндық бизнестің көшбасшысы, Италияның өнеркәсіп ең дамыған және ең бай аймағы. Мұнда көптеген халықаралық және итальяндық компаниялардың штаб-пәтерлері орналасқан. Ломбардия тек бизнес үшін ғана емес, сонымен қатар әлемнің түкпір-түкпірінен келетін туристер үшін де тартымды.

Бизнес-форумның ашылуында сөз сөйлеген Қазақстанның Италиядағы Елшісі Е.Сембаев екі ел арасындағы сауда-инвестициялық қарым-қатынастар дамуының жоғары қарқынын атап өтті. Оның айтуынша, Италия Қазақстанның әлемдегі негізгі сауда серіктестерінің бірі болып табылады.

«Қазіргі таңда Италия еліміздің Еуропадағы басты, ал әлемде үшінші сауда серіктесі. Біздің өзара тиімді ынтымақтастығымыз елдеріміз арасындағы Стратегиялық әріптестік туралы келісімшартқа негізделеді», - деді Е.Сембаев.

Қазақстандық дипломат екі ел арасында іске асырылып жатқан ағымдағы инвестициялық жобалар туралы айтып берді.

«Бүгінде «Agromash Holding KZ» АҚ итальяндық «SDF Group» трансұлттық холдингімен бірлесе іске қосқан «Қазақстанда Италиямен бірге жасалған» брендімен «Deutz-Fahr» ауыл шаруашылығы тракторлары мен комбайндарын құрастыру жұмысы жолға қойылған. Сонымен қатар, клапандарды өндірумен және қызмет көрсетумен айналысатын итальяндық «PetrolValves» компаниясы мен қазақстандық «Merlion Development Group» компаниясы «ПетролВалвз Қазақстан» ЖШС атты бірлескен кәсіпорын құрып, биылғы жылы клапан өндірісі бойынша зауытты пайдалануға берді», - деді Е.Сембаев.

«Kazakh Invest» АҚ басқарма төрағасы М.Юсупов форумға қатысушыларға Қазақстан туралы толық ақпарат беріп, оларды еліміздің инвестициялық әлеуетімен, оның артықшылықтарымен таныстырып, инвесторларға жасалып жатқан жағдайлар, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау шаралары жөнінде айтып берді.

«Италия сыртқы сауданың жалпы көлеміндегі 11,1%-дан астам үлесімен Ресей мен Қытайдан кейінгі Қазақстанның үшінші стратегиялық сауда әріптесі болып қала береді. Бүгінде елімізде итальяндық капиталдың қатысуымен 260-тан астам кәсіпорын табысты жұмыс істеп жатыр, бұл итальяндық бизнестің біздің елге деген жоғары сенімінің айғағы», - деді М.Юсупов.

Өз кезегінде итальяндық тараптың өкілдері екі ел арасындағы сауда-инвестициялық ынтымақтастықтың жоғары әлеуетін атап өтті. Италия Парламенті Депутаттар палатасы Әділет комитетінің президенті Ч.Маскионың айтуынша, Қазақстан Италияның маңызды сауда-экономикалық серіктесі. Екі елдің де екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуге толық мүмкіндігі бар.

Қазақстан мен Италия арасындағы сауда-инвестициялық қатынастарды кеңейту жөніндегі пікірлерімен сондай-ақ Италия Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрлігінің өкілі Г.Гранди, Ломбардия аймағының бюджеттік комитетінің президенті Г.Капарини, Қазақстан-Италия сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы П.Гирелли, Италия-Қазақстан сауда бірлестігінің төрағасы М.Беретта және т.б. бөлісті.

Форумның панельдік сессияларында Қазақстандағы Сауда және инвестиция агенттігінің басшысы С.Парано, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ төрағасының бірінші орынбасары Н.Айдапкелов, «SACE» Жеткізу тізбегі және бизнесті ілгерілету бөлімінің басшысы Л.Пассариелло, АХҚО клиенттермен жұмыс жөніндегі  Бас директор Т.Мұханбежанов, «Қазпошта» АҚ халықаралық бизнес жөніндегі басқарушы директоры С.Пак және «Bonifiche Ferraresi» компаниясының коммерциялық директоры Ф.Формисано сөз сөйледі.

Форум аясында «Қазпошта» АҚ мен итальяндық «NEOS» компаниясы арасында электронды коммерцияны дамыту саласындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.