Римде Қазақстанның Италиядағы Елшісі Ерболат Сембаевтың еліміздегі реформаларға арналған брифингі өтті

Римде Қазақстанның Италиядағы Елшісі Ерболат Сембаевтың еліміздегі реформаларға арналған брифингі өтті

Рим, 21 желтоқсан 2022 ж. Италияның саяси, академиялық, іскерлік, сарапшылық топтарының және БАҚ өкілдері, итальяндық компаниялардың басшылары қатысқан брифингте 2022 жылдың қорытындылары жария етілді.

Қонақтар алдында сөз сөйлеген ҚР Италиядағы Елшісі Ерболат Сембаев Қазақстанның ішкі және сыртқы сын-қатерлерге қарамастан өткен жылы саяси және экономикалық салаларда көптеген бастамаларды жүзеге асырғанын атап өтті.

«Қазақстанның саяси өмірінде орын алған маңызды оқиға – биылғы жылғы маусым айында еліміздің Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жобасы бойынша өткен жалпыхалықтық референдум. Бұл суперпрезиденттік модельден президенттік республикаға түпкілікті көшуді, бірқатар өкілеттіктерді қайта бөлуді, Парламенттің рөлі мен мәртебесін нығайтуды, елді басқару ісіне халықтың қатысу мүмкіндігін кеңейтуді,  азаматтардың құқықтарын қорғаудың конституциялық тетіктерін нығайтуды қамтитын Президенттің саяси реформаларын жүзеге асырудың келесі кезеңі болды», - деді Елші.

Е.Сембаевтың айтуынша, ү.ж. 20 қарашада өткен президенттік сайлауда Қазақстан Республикасы азаматтарының көпшілігінің қазіргі Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевты қолдауы халықтың қазіргі және болашақтағы реформаларға деген сенімінің жоғары деңгейін көрсетеді. Сайлау қазіргі таңда қоғам мен биліктің елдің даму болашағына қатысты ортақ түсінігі бар екенін тағы бір рет растады.

Қазақстанның Италиядағы дипломатиялық миссиясының басшысы халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға, әлемде мәдениетаралық және өркениетаралық диалогты дамытуға зор үлес қосып отырған еліміздің сыртқы саяси бастамаларына да тоқталды. Мысал ретінде Е.Сембаев биылғы жылдың қыркүйек айында 50 елден 100-ге тарта делегация қатысқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезін келтірді.

«Біздің елге сапармен келген Рим Папасы Францисктің Съезге қатысуы іс-шараның шарықтау шегі болды. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан «әралуандылықтағы бірлік» қағидасына негізделген этносаралық және конфессияаралық келісімнің өзіндік үлгісін жасады. Бүгінде елімізде 130-дан астам ұлт пен 18 діни конфессия өкілдері тұрады», - деді қазақстандық дипломат.

Өтіп бара жатқан жылдың айтулы оқиғасы ретінде Е.Сембаев Қазақстан мен Италия арасындағы дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығын атап өтті.

«Италия Қазақстанның маңызды стратегиялық серіктестерінің бірі болып табылады. 30 жыл ішінде біздің қатынасымыз ең жоғары деңгейге көтерілді. Италия Қазақстанның Еуропадағы №1 сауда серіктесі және жалпы үшінші сауда серіктесі. 2022 жылғы қаңтар-қазанда өзара тауар айналымы 13 млрд. АҚШ долларын құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда (7,8 млрд АҚШ доллары) 66,3%-ға жоғары», - деді Е.Сембаев.

Брифингте сөз алған итальяндық «Global Vision & Trends» ғылыми-зерттеу институтының президенті Т.Грациани алдағы 2022 жыл Қазақстан үшін де, бүкіл әлем үшін де оқиғаларға толы болғанын атап өтті. Дегенмен, Қазақстан бұл сын-қатерлерге елде ауқымды реформалар жүргізу арқылы лайықты жауап берді.

«Мемлекетті жаңғыртуға бағытталған құрылымдық реформалар, Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі референдум, парламенттің рөлін күшейту және кезектен тыс президенттік сайлау Қазақстан үшін өткен жылы маңызды саяси қадам болды. Жаңа 2023 жылы елді парламент сайлауы сияқты маңызды саяси оқиғалар күтіп тұр», - деді Т.Грациани.

Сондай-ақ брифингте Қазақстан Республикасының Құрметті консулдары:  Сан-Маринодағы – Дж.Помпони, Палермодағы – А.Арборио Мелла Ди Сант’Элия, Триестегі – Л.Беллинелло, Неапольдағы – В.Мацца және Флоренциядағы – Ф.Альбини сөз сөйледі. Олар Қазақстанда болып жатқан елеулі өзгерістерді атап өтіп, еліміздің Италия өңірлерімен экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын жандандыруға дайын екендіктерін жеткізді.