Қазақстан Тәуелсіздік күнін атап өтуде

Қазақстан Тәуелсіздік күнін атап өтуде

2022 жылғы 16 желтоқсан. Бүгін Қазақстан Тәуелсіздігінің 31 жылдығын атап өтуде. 1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі туралы заң қабылданған болатын.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын мемлекеттік мерекемен құттықтады.

«1991 жылғы 16 желтоқсан – төл тарихымыздағы мерейлі белес. Бұл – егемен ел болуды аңсаған ата-баба арманы ақиқатқа айналған ұлы күн» - деді Мемлекет басшысы құттықтауында.   

«Тәуелсіздік күнінің айрықша мән-мағынасы бар. Азаттық үшін арпалысқан ұлт перзенттерін ел жадында мәңгі сақтау – қасиетті парызымыз. Олардың отаншылдық қасиеті – бүгінгі және болашақ ұрпаққа әрдайым үлгі-өнеге».

Президент Қ.Тоқаев Қазақстанның ауқымды саяси және экономикалық реформаларды қолға алып, мемлекетімізді жаңғыртудың жаңа кезеңіне қадам басқанын атап өтті.  

«Егемен елімізді одан әрі дамыту – алдымызда тұрған басты міндет. Біз осы жолда аянбай еңбек етуіміз қажет. Сонда ғана Қазақстан қуатты мемлекетке айналады».