Сицилия аймағына Қазақстанның инвестициялық және туристік мүмкіндіктері таныстырылды

Сицилия аймағына Қазақстанның инвестициялық және туристік мүмкіндіктері таныстырылды

Катания қаласы, 2022 жылғы 9 желтоқсан. Қазақстан Республикасының Италиядағы Елшісі Е.Сембаевтың Сицилияға жұмыс сапарының екінші күні Катания қаласында Қазақстанның осы аймақтағы Құрметті консулдығының ұйымдастыруымен бизнес-форум өтті. Оған Сицилия компанияларының басшылары, туризм және азық-түлік өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы саласының өкілдері қатысты. Қазақстандық тараптан ҚР Елшілігінен онлайн форматта сөз сөйлеген «Kazakh Invest» ҰК» АҚ, «Алматы туристік ақпараттық орталығы» ЖШС, «Тұран» арнайы экономикалық аймағы және Шымкент қаласының Инвестицияларды ынталандыру департаментінің өкілдері қатысты.

Конференция барысында Сицилияның іскер топтар өкілдеріне Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалар, елдің инвестициялық және туристік әлеуеті, бірлескен бизнес жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері туралы толық ақпарат берілді.

Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Италиядағы Елшісі Е.Сембаев форумның ашылуында сөз сөйлеп, Қазақстанның саяси және экономикалық өміріндегі бұрын-соңды болмаған өзгерістер, жалпы еліміздің жаңғыруы, Парламенттің рөлін күшейту, адам құқықтарын қорғау тетіктерін нығайту, азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысуын қамтамасыз ету шаралары және т.б. жөнінде айтып берді.

Сонымен қатар, қазақстандық дипломат елдегі экономиканы олигополиясыздандыруды және монополиясыздандыруды, бәсекелестікті арттыру шараларын, ұлттық табысты әділ бөлуді, инвесторлар үшін қолайлы жағдайларды қамтитын экономикалық реформалардың жаңа бағдарламасына тоқталды.

Е.Сембаев Астана мен Рим арасындағы қарым-қатынастардың стратегиялық сипатын атап өтті. Италия Қазақстанның Еуропадағы №1 сауда серіктесі және еліміздің Ресей мен Қытайдан кейінгі үшінші сауда серіктесі. 2022 жылдың қаңтар-қазан айларында өзара тауар айналымы 13 млрд. АҚШ долларын құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда (7,8 млрд АҚШ доллары) 66,3%-ға жоғары.

«Kazakh Invest» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ж.Темірғали сицилиялық бизнес қауымдастықты ұлттық компанияның қызметімен, Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыру шараларымен таныстырды.

«Алматы қаласының туристік ақпараттық орталығы» ЖШС директоры Е.Марғұлан форумға қатысушыларға туризмді дамыту жұмыстары, Алматыны өңірдің туристік орталығына айналдыру шаралары туралы айтып берді.

«Тұран» Арнайы экономикалық аймағы басқармасы төрағасының орынбасары Ж.Төлебеков пен Шымкент қаласы бойынша инвестиция тарту департаментінің директоры Б.Етекбаев тиісінше Түркістан облысына және Шымкент қаласына шетелдік инвесторларды тарту шаралары туралы сөз қозғады.

Өз кезегінде Сицилияның іскер топтар өкілдері қазақстандық әріптестеріне мазмұнды баяндамалары үшін алғыс білдіріп, сауалдарына жауап алды және Қазақстанмен қатынастарды дамытуға қызығушылық танытты.

Қазақстан Республикасының Италиядағы Елшісі Е.Сембаевтың Сицилияға жұмыс сапары өңірдегі ауыл шаруашылығы және азық-түлік өнеркәсібі сияқты салалардағы компаниялардың өкілдерімен екіжақты кездесулермен жалғасты. Сондай-ақ Елші Сицилия аймағының «Free Mind Foundry» халықаралық ынтымақтастық, ғылыми-зерттеу және зияткерлік технологияларды дамыту орталығының басшысы С.Массаромен кездесу өткізді.