Қазақстанның Италиядағы Елшісі Ерболат Сембаев жұмыс сапарымен Сицилияға келді

Қазақстанның Италиядағы Елшісі Ерболат Сембаев жұмыс сапарымен Сицилияға келді

Палермо қаласы, 7 желтоқсан 2022 ж. Қазақстан Республикасының Италия Республикасындағы Елшісі Е.Сембаевтың Сицилияға сапары Палермо қаласына барудан басталды. Онда Қазақстан дипломатиялық миссиясының басшысы қала әкімі Р.Лагалламен және Сицилия аймақтық ассамблеясының президенті Г. Гальваниомен кездесті.

Кездесулер барысында Е.Сембаев Сицилия аймағының басшылығын Қазақстанда жүргізіліп жатқан ауқымды саяси және экономикалық реформалармен таныстырып, еліміздің инвестициялық мүмкіндіктері, оның туристік әлеуеті туралы айтып берді. Сонымен бірге, аймақ басшылығының назарына Қазақстан Республикасының негізгі сыртқы саяси бастамалары, оның ішінде халықаралық қауіпсіздікке және жаһандық мәдениетаралық диалогты ілгерілетуге қосқан үлесі жөнінде ақпарат ұсынылды.

Қазақстан Республикасының Елшісі Қазақстан мен Италия арасындағы қарым-қатынас тақырыбына да тоқталып, елдеріміз арасындағы саяси және сауда-экономикалық ынтымақтастықтың жоғары деңгейін атап өтті. Е.Сембаев екі мемлекет арасындағы білім және мәдениет саласындағы ынтымақтастықтың жанданғанын айта келе, Италия университеттерінде, оның ішінде Сицилия аймағында білім алып жатқан қазақстандық студенттер санының артып келе жатқанына назар аударды.

Өз кезегінде Сицилия басшылығының өкілдері Қазақстандағы реформаларды жоғары бағалап, еліміздің бастамаларына қолдау білдірді. Олар сондай-ақ сауда-саттық, инвестиция, мәдени-гуманитарлық салалардағы қатынастарды дамытуға қызығушылық танытты.

Кездесулердің нәтижесінде Қазақстан мен Сицилияның жетекші университеттері арасында байланыс орнату, оның ішінде қос дипломдық білім беру мәселесі, қазақстандық компаниялар мен Сицилия аймағы арасындағы ынтымақтастықты дамыту, парламенттік ынтымақтастық арқылы өзара қарым-қатынасты нығайту жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.

Сапардың алғашқы күнінің соңында Елші Е.Сембаев Массимо ди Палермо опера театрына барып, оның директоры М.Беттамен кездесті. Итальяндық театрдың жетекшісі Қазақстанның опера өнерін жоғары бағалап, «Астана Опера» театрының әлемдік деңгейге жеткенін атап өтті.

Тараптар мәдени алмасуға қолайлы жағдай жасау, Палермо мен Астана арасындағы театр өнері саласындағы ынтымақтастықты дамытуға уағдаласты.