2022 жылғы 20 қарашада өткен ҚР Президенті сайлауының қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті болып сайланды. Қазақстан Республикасының сайланған Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ант беруі 2022 жылдың 26 қарашасына жоспарланған.
ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшелері 2022 жылғы 20 қарашадағы кезектен тыс Президент сайлауының қорытындыларын анықтау туралы қаулы қабылдады.
«Орталық сайлау комиссиясы халық сайлаған Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты Қазақстан Республикасының Президенті етіп тіркеп, заңда белгіленген тәртіппен сайланған Мемлекет басшысына тиісті куәлік тапсырды. Қазақстан Республикасының сайланған Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ант беруі 2022 жылдың 26 қарашасына жоспарланған», - деді ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа 6 миллион 456 мың 393 сайлаушы, яғни салаушылардың 81,31% дауыс берді. «Барлығына қарсы» деген бағанды 460 мың 484 сайлаушы, яғни 5,8% таңдаған.
Басқа үміткерлерге келетін болсақ, Жигули Дайрабаев 271 мың 641 дауыс, немесе 3,42%, Қарақат Әбден – 206 мың немесе 2,6%, Мейрам Қажыкен – 200 мың 907 немесе 2,53%, Нұрлан Әуесбаев – 176 мың 116 немесе 2,22% және Салтанат Тұрсынбекова – 168 мың 731 немесе 2,12% дауыс жинады.