Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Біріккен Ұлттар Ұйымына мүшелігінің 30-жылдығына орай мәлімдемесі

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Біріккен Ұлттар Ұйымына мүшелігінің 30-жылдығына орай мәлімдемесі

1992 жылы 2 наурызда Қазақстан Республикасы БҰҰ Бас Ассамблеясы 46-сессиясының пленарлық отырысында Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшесі ретінде қабылданып, халықаралық қатынастардың толыққанды субъектісіне айналды.

Халықаралық қоғамдастықтың жауапты әрі сенімді мүшесі ретінде Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жыл бойы теңдестірілген, болжамды және сындарлы сыртқы саясатты жүргізіп келеді және өзекті халықаралық мәселелерді шешудегі БҰҰ-ның орталық рөлін толығымен қолдайды.

Әлем бойынша төртінші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тарта отырып, Қазақстан бейбітшілік пен халықаралық қауіпсіздікті сақтауға, қарусыздануға және жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау режимін нығайтуға шынайы үлес қосты. Қазақстан аумағындағы Семей ядролық сынақ полигонының жабылған күні – 29 тамыз БҰҰ Бас Ассамблеясымен Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні деп жарияланды.

Қазақстан Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақтың тең құрылтайшысы болып табылады. Қазақстанның бастамасымен барлық мемлекеттердің ядролық қарусыз әлемге қадам басудағы жігері көрініс тапқан БҰҰ Бас Ассамблеясының «Ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу туралы жалпыға бірдей декларация» қарары тұрақты негізде қабылданады.

1992 жылы Қазақстан БҰҰ мінберінен бүгінде Азияның 27 елін біріктіретін және қауіпсіздік пен ынтымақтастықты қамтамасыз етудің нақты факторына айналған Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті (АӨСШК) құру туралы ұсыныс жасады. Сенім шараларына сұраныстың артуын ескере отырып, Қазақстан АӨСШК-ні Азиядағы қауіпсіздік және даму ұйымына айналдыру бойынша серіктестермен жұмыс жасауда.

Қазақстан терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі барлық 19 әмбебап конвенциялар мен хаттамаларды ратификациялады және БҰҰ-ның терроризмге қарсы жаһандық стратегиясын жүзеге асыруға белсенді қатысуда. Қазақстанның бастамасымен 2018 жылы Терроризмнен азат әлем құру үшін әдеп кодексі әзірленіп, қол қоюға қолжетімді болды. Бүгінгі күні бұл құжатқа 89 мемлекет қосылды.

2017 жылдан бері Қазақстан БҰҰ-ның ұзаққа созылған қақтығысты реттеудегі күш-жігерлерін қолдауға бағытталған Сирия бойынша Астана процесінің 17 раундын қабылдады. Қазақстан, сондай-ақ, Таяу Шығыстағы қақтығыс аймақтарынан өз азаматтарын, ең алдымен жүздеген балалар мен әйелдерді елге қайтарған алғашқы мемлекеттердің бірі болды.

Қазақстан әлемдік қауымдастықтың Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыру жөніндегі күш-жігеріне лайықты үлес қосуда. Ауғанстан халқына тұрақты түрде гуманитарлық көмек көрсетілуде, Қазақстанның оқу орындарында ауған жастарын, оның ішінде қыздарды оқыту бойынша ұлттық және халықаралық бағдарламалар жүзеге асырылуда. Алматыда Біріккен Ұлттар Ұйымының Ауғанстанға көмек көрсету жөніндегі миссиясының (UNAMA) уақытша қашықтықтағы кеңсесінің ашылуы Қазақстанның рөлін мойындаудың және Ұйымның елімізге деген сенімінің белгісі болып табылады.

Қазақстан төзімділік, өзара түсіністік және мәдени әртүрлілік идеологиясын ілгерілету өшпенділік пен кемсітушілікке қарсы күрестің кепілі екеніне сенімді. БҰҰ Бас хатшысы, Өркениеттер альянсы және ЮНЕСКО басшылары қатысқан 2003 жылдан бері Қазақстанда өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі конфессияаралық диалогтың үлгісі болып табылады. VII съезд 2022 жылғы қыркүйекте Қазақстанда өтеді.

Қазақстан БҰҰ миссияларына бітімгершілер мен әскери бақылаушыларды жіберу арқылы БҰҰ-ның бітімгершілік қызметіне белсенді қатысады және БҰҰ мақұлдаған бітімгершілік бойынша курстарды өткізеді.

Еліміздің 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне сайлануы Қазақстанның бейбітшілік пен халықаралық қауіпсіздікті нығайту саласындағы белсенді жұмысының нәтижесі болып табылады.

Биологиялық қауіптер саласындағы тәуекелдерді бақылау жүйесін күшейту, сондай-ақ биологиялық әзірленімдерді тек бейбіт мақсатта пайдалануды қамтамасыз етуге қолғабыс ету мақсатында БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-сессиясында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттікті құру жөніндегі бастаманы алға тартты.

Қазақстан Республикасы Орнықты дамудың 2030 жылға дейінгі күн тәртібін іске асыру бойынша халықаралық күш-жігерлерге өз үлесін қосуда. Даму саласында практикалық нәтижелерге қол жеткізу үшін Орнықты даму мақсаттарының (ОДМ) ұлттық архитектурасы құрылды.

Қазба отынына жоғары тәуелділікке қарамастан, Қазақстан 2030 жылға қарай парниктік газдар шығарындыларын 15%-ға қысқартуды және 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуді мақсат етіп отыр.

Орталық Азия елдері мен Ауғанстанға ОДМ ілгерілетуге қолғабыс көрсету мақсатында 2020 жылы «KazAID» Дамуға ресми көмек көрсету жөніндегі агенттігі құрылды. Орталық Азия аймағындағы даму саласындағы қызметті үйлестіру үшін Алматыда БҰҰ-ның ОДМ бойынша өңірлік орталығын институцияландыруды ұсындық.

Қазақстан адамның жалпыға бірдей құқықтары мен бостандықтарының сақталуына ерекше мән береді. Еліміз БҰҰ-ның адам құқықтарын қорғау саласындағы барлық іргелі құжаттары мен конвенцияларына қосылды. Тұрақты негізде адам құқықтары саласындағы ұлттық заңнаманы халықаралық стандарттарға сәйкестендіру бойынша жұмыстар жүргізілуде. БҰҰ-ның тиісті институттарымен тығыз ынтымақтастық біздің халықаралық міндеттемелеріміздің сапалы орындалуын қамтамасыз етеді. Қазақстан Республикасының 2022-2024 жылдарға БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесіне сайлау мемлекетіміздің адамның негізгі құқықтары мен бостандықтарын ұлттық және халықаралық деңгейде ілгерілетуге бейілділігін қуаттайды.

Қазіргі таңда Президент Қ.Тоқаев пен халқымыздың күш-жігері «ешкімді артта қалдырмау» қағидасына негізделген экономикасы тұрақты, әлеуметі әділетті, демократиялық дамыған мемлекет – Жаңа Қазақстанды құруға бағытталған.

Біріккен Ұлттар Ұйымына мүшелігінің 30 жылдығын тойлай отырып, Қазақстан Республикасы Ұйымның Жарғысына және халықаралық құқық қағидаттарына берік ұстанымын қайта растайды. БҰҰ бүкіл адамзаттың мүдделері мен басты қажеттіліктері үшін қызмет ететін бірегей әмбебап ұйым ретінде таптырмас болып қалуда.

Қазақстан БҰҰ-ның рөлі мен беделін нығайтуға және одан да жақсы әрі бақытты болашаққа деген ұжымдық талпынысымызды жүзеге асыру үшін оның қызметінің барлық салаларына өз үлесін қосуды жалғастыратын болады.

2022 жылғы 2 наурыз