Қазақстан Елшісі ФАО Бас директорына сенім құжаттарын тапсырды

Қазақстан Елшісі ФАО Бас директорына сенім құжаттарын тапсырды

Рим, 2021 жылғы 11 маусым – Қазақстанның Римдегі халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты Өкілі, Елші Ерболат Сембаев БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) Бас директоры Цюй Дунъюйге сенім құжаттарын тапсырды.

Карантиндік шараларға байланысты іс-шара онлайн-режимде өтті. Рәсімнен кейін Тараптар Қазақстан мен ФАО арасындағы өзара іс-қимылдың кең ауқымды мәселелерін талқылады. Кездесу барысында Цюй Дунъюй Қазақстан мен ФАО арасындағы қарқынды дамып келе жатқан ынтымақтастықты атап өтіп, Нұр-Сұлтан қаласындағы ФАО Байланыс және әріптестік бюросының қызметіне көрсеткен қолдауы үшін алғысын білдірді.

Сонымен қатар, тараптар ФАО-ның Қазақстан Республикасындағы 2021-2025 жылдарға арналған Елдік негіздемелік бағдарламасын талқылады, оған жақын арада қол қою, сондай-ақ, ФАО мен «KazAID» халықаралық даму агенттігі арасындағы ынтымақтастықты жолға қою күтілуде.

Кездесу соңында қазақстандық дипломат Қазақстан мен ФАО арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту үшін барлық күш-жігерін жұмсауға дайын екенін білдірді. Өз кезегінде Бас директор Цюй Дунъюй Қазақстан Елшісін дипломатиялық миссиясының басталуымен құттықтап, алдағы жұмысына табыс тіледі.