Қазақстан Елшісі Италияның Орталық Азия елдерімен қарым-қатынастарына арналған конференцияда баяндама жасады

Қазақстан Елшісі Италияның Орталық Азия елдерімен қарым-қатынастарына арналған конференцияда баяндама жасады

Рим, 2021 жылдың 13 мамыры – Қазақстанның Римдегі Елшісі Ерболат Сембаев «Италияның Орталық Азияға көзқарасы: ынтымақтастықтың қазіргі ахуалы мен келешегі» атты тақырыптағы онлайн конференцияда сөз сөйледі.

Іс-шараны Венецияның Ка'Фоскари университетінің Азия, Жерорта теңізі және Африка зерттеулері кафедрасы, Марко Поло ғылыми-зерттеу орталығы жанындағы Еуропа мен Азия арасындағы ғаламдық қатынастар орталығы (МАР), Орталық Азия мен Каспий бойынша обсерватория (OACC) және «Geopolitico.info» геосаяси зерттеулер орталығы ұйымдастырды.

Венецияның Ка'Фоскари университетінің ректоры Тициана Липпиелло, Италия Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрінің орынбасары Манлио Ди Стефано, Италия СІМ-нің Ресей, Шығыс Еуропа, Кавказ және Орталық Азия бөлімшесінің бастығы Людовико Серра, МАР директорының орынбасары Алдо Феррари, Италияның Қазақстандағы бұрынғы Елшісі және OACC мүшесі Стефано Раванян конференцияға қатысушылар мен қонақтарға құттықтау сөздерін арнады.

Е.Сембаев өз сөзінде Қазақстан мен Италия арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың жоғары деңгейін және еліміздің Орталық Азия өңіріндегі белсенді рөлін атап өтіп, Қазақстан мен Еуроодақ арасында 2015 жылы қол қойылған Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы Келісімнің маңыздылығын, оның қос тарап арасындағы қарым-қатынастары тарихындағы жаңа кезеңнің бастауы болғанын баяндады.

Еуроодақтың Орталық Азияға арналған жаңа стратегиясының мазмұнына бөлек тоқталып, отандық дипломат сонымен қатар ауған әйелдерінің экономикалық құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту бойынша БҰҰ Даму бағдарламасының қолдауымен жүзеге асырылып отырған Еуроодақ, Қазақстан және Өзбекстан арасындағы Үшжақты ынтымақтастық бағдарламасын өңірдегі жемісті көпжақты ынтымақтастықтың мысалы ретінде келтірді.

Конференция барысында сарапшылар дәстүрлі бағыттар да, ынтымақтастықты кеңейтуге және тереңдетуге жол аша алатын салаларды ескере отырып, Италия мен оның Орталық Азиядағы серіктестері арасындағы қарым-қатынастардың қазіргі ахуалына және ары ғарай дамыту мүмкіндіктеріне көзқарастарын ортаға салып, оларға қатысты мазмұнды кәсіби пікір алмасу орын алды.