Қазақстанның Италиядағы Елшілігінде Абай ақпараттық-мәдени орталығы ашылды

Қазақстанның Италиядағы Елшілігінде Абай ақпараттық-мәдени орталығы ашылды

Ү.ж. 15 желтоқсанда Римде Тәуелсіздік күні қарсаңында, сондай-ақ қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын мерекелеу аясында Қазақстанның Италиядағы Елшілігінде «Абай ақпараттық-мәдени орталығының» ашылу салтанаты, сондай-ақ қазақ жазба әдебиетінің негізін салушысының поэмалары мен «Қара сөздері» жинағының тұсаукесері өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасының қатысуымен және ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен гибридті форматта өтті.

Орталық Абай шығармаларының және ол туралы Ұлттық кітапхана қорынан шыққан басылымдардың көрмесін, философтың өмірі мен шығармашылығы туралы материалдарды ұсынады.

Елшіліктің кеңесшісі Әсет Байсынов өзінің алғы сөзінде ХХІ ғасырда білімнің маңыздылығы туралы айтып, жас ұрпаққа лайықты білім алуға нұсқау беретін, олардың жарқын болашағының кепілі болатын ұлы Абай мұрасын жастар арасында кеңінен насихаттау бұрынғыдан да маңызды екенін атап өтті.

Елшіліктің көмегімен, Қазақстанның Ұлттық аударма бюросы Абайдың «Қара сөздері» мен поэмаларын итальян тіліне аударды. Бұл италиялық оқырманға қазақ ақыны, философы, ағартушысының еңбектерімен танысуға мүмкіндік беріп, екі ел халықтарын өзара мәдени байытуға қызмет етеді, Италия жұртына қазақ әдебиеті мен поэзиясын, сондай-ақ Абай еңбектерінің призмасы арқылы Қазақстанның мәдени және әдеби өмірін тереңірек зерттеуге мүмкіндік береді.

«Қара сөздер» – бұл ақынның қартайған шағында жазған, өз ой-санасынан өткізілген және халқына деген сүйіспеншіліктен туындаған қазақ халқының тағдыры туралы терең ішкі ойлары, армандары мен уайымдарын жеткізгісі келген даналық қазынасы.

Іс-шараның қонақтары Қазақстан Республикасының Сан-Марино Республикасындағы Құрметті консулы Джованни Помпони, Санта-Чечилия академиясының профессоры Рафаэлле Колличенза, жетекші италиялық БАҚ журналистері, сондай-ақ қазақстандық және шетелдік студенттер болды. Онлайн форматтағы конференцияның қатысушылары мен спикерлері Амброзиан кітапханасының Академиясы жанындағы Академиялық хатшысы, Италия мен Қазақстан арасындағы достық қарым-қатынастар мен ынтымақтастықты дамытудағы ерекше еңбегі үшін Италия Республикасының офицері, профессор Эдоардо Канетта; Берлин еркін университетінің және Ка-Фоскари Венеция университетінің профессоры, түрколог Элизабетта Раганин; Қазақстанның Кампания (Неаполь) аймағындағы Құрметті консулы Серджио Москати; Қазақстанның Ломбардия (Милан) аймағындағы құрметті консулы Николо Андреа Гатто; жетекші италиялық БАҚ журналистері, сондай-ақ Абай шығармаларын орындаған қазақстандық студенттер болды.

Италиялық сарапшылар Абайдың итальян тіліне аударылған қара сөздері мен поэмаларын оқып, таңданысын білдірді және ақынның сөздерінің бүгін де өзектілігін атап өтті.

Қазақстан тарапын Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының жетекшісі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Мұңалбаева Үмітхан Дәуренбекқызы; ақын, журналист, Қазақстан жазушылар одағы төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып; М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының зерттеушісі Светлана Ананьева; ақын, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Орынбай Жанайдаров; ақын, «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Бекзат Смағұлов таныстырды.

Іс-шара соңында Санта-Чечилия академиясының профессоры Рафаэлле Колличенза іс-шара қонақтарына фортепианода түрлі шығармалар орындады.

Қазақстандық студенттер мен қонақтар сыйлыққа Абайдың поэмалар жинағын алып, ұлы ақынның мерейтойына орай ашылған орталықта мәдени іс-шаралар мен кездесулер өткізуге ниет білдірді.