АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫ – ЖАҺАНДЫҚ ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ БАСЫМДЫҚ

АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫ – ЖАҺАНДЫҚ ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ БАСЫМДЫҚ

10 желтоқсанда бүкіл әлем Адам құқықтары күнін атап өтеді. 1948 жылы осы күні БҰҰ Бас Ассамблеясы Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясын қабылдады – бұл халықаралық адам құқықтарының тұңғыш дүниежүзілік актісі.

Бүгінде біз әмбебап құндылық рөліндегі адам құқықтарының маңыздылығын жаһандық тұрғыдан қайта бағалаудың куәсі болып отырмыз. Адам құқықтары туралы дәстүрлі түсініктің өзгеруі – бұл заманауи ақпараттық, коммуникациялық және медициналық технологиялардың, биоқауіпсіздіктің және т.б. дамуымен байланысты жаңа сын-қатерлердің пайда болуының нәтижесі. Аталған декларация немесе 1966 жылы адам құқықтары туралы халықаралық пактілер қабылданған кезде, қоғамда адам геномына қол сұқпаушылыққа немесе интернетке қолжетімділікке құқықты бекіту туралы түсініктің өзі де болмаған еді. Ал қазіргі кезде, ХХІ ғасырда олардың өзектілігі басқа дәстүрлі құқықтардан кем емес.

 

Жаңа коронавирус инфекциясының пандемиясы экономикалық және саяси жүйелер үшін ғана емес, сонымен қатар адамның негізгі құқықтары мен бостандықтарын іске асыру мен қорғаудың соңғы онжылдықтарда белсенді дамып келе жатқан тетіктері үшін де айтарлықтай сын-қатерге айналды.

 

Қоғамдық пікір зерттеулері көрсетіп жүргендей, адамдардың көпшілігі тұрғын үйге, сапалы медициналық қызметке, жақсы білім мен лайықты жұмысқа деген құқықтарының жүзеге асырылуына алаңдаушылық білдіреді. Биыл Қазақстанда дәл осы бағыттағы адам құқықтарындағы қызмет ауқымы айтарлықтай кеңейді. Және осы жұмысымызда біз, ең алдымен, Конституцияға сүйенеміз.

 

Әлбетте, мемлекет саяси құқықтар мен бостандықтардың маңызын төмендетпей, әрқашан әлеуметтік және экономикалық құқықтарды есте сақтауы қажет. Олардың бәрі бірдей дәрежеде маңызды.

 

1995 жылы мемлекетіміздің тарихындағы күрделі бетбұрыста қабылданған Ата заңымыз жоғары халықаралық құқықтық бағдарларға сүйене отырып, «адам құқықтары мен бостандықтары әркімге тумысынан жазылған, олар абсолютті деп танылады, олардан ешкім айыра алмайды» деген маңызды ережені бекітіп, олардың табиғи негізін мойындады. Бұл дегеніміз, өмірге, бостандыққа, жеке басына қол сұқпаушылық пен әлеуметтік қамтамасыз етуге құқық және көптеген басқа да құқықтар оған саяси режимдерге, әлеуметтік жүйеге, діни наным-сенімге және т.б. қарамастан туғаннан өмір бойы тиесілі.

 

Азаматтық қоғамның қатысуымен биліктің барлық тармақтарын осы басты құндылықтарға деген құрметпен қарауға бағдарлайтын адам құқықтары тұжырымдамасының мәні міне осында.

 

Тәуелсіздік жылдары еліміз адам құқықтарын қорғау саласында, сондай-ақ демократиялық институттарды нығайтуда маңызды жетістіктерге жетті. Заңнама мен құқық қолдану тәжірибесі жетілдірілуде, сот және қылмыстық-атқару жүйелері өзгеруде. Бірталай халықаралық үкіметтік емес ұйымдармен ынтымақтастық жаһандық және өңірлік деңгейде белсенді дамып келеді.

 

Ал бүгін де бізде мақтануға тұрарлық нәрсе бар. Біз мазмұндық тұрғыдан жаңа «Бейбіт жиналыстар туралы» Заң қабылдадық, «Саяси партиялар туралы», «Сайлау туралы», «Парламент және оның депутаттарының мәртебесі туралы» заңдарға, сондай-ақ Қылмыстық кодекстің 130-бабының (жала жабу) декриминализациялау бөлігінде өзгертулер енгіздік. Қазақстан адамның өмір сүруіне және қадір-қасиетіне деген негізгі құқықтарды қорғау үшін біз Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің өлім жазасын жоюға бағытталған Екінші факультативтік хаттамасына қол қойдық.

 

Тағы бір басымдық – әйелдер мен жастардың тең мүмкіндіктерін қамтамасыз ету болып табылады. Біз Жаһандық гендерлік теңдік индексіндегі көрсеткішімізді едәуір жақсартып, партиялық тізімдегі әйелдер мен жастарға 30 пайыздық міндетті квота енгіздік.

 

Азаматтық қоғам институттары мен билік құрылымдары арасындағы сындарлы диалогты дамыту бойынша жұмыс жалғасуда. Адам құқықтарының іске асырылуын қамтамасыз ету азаматтық қоғамның іргетасы болып табылады, ал дамыған азаматтық қоғам, өз кезегінде, адам құқықтарын қамтамасыз етудің сенімді кепілі.

 

Президент Қ. Тоқаев билік пен қоғам арасында әрдайым диалогтың болуына көңіл бөледі. Осылайша, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының іргетасы қаланды. Тәуелсіз сарапшылар қауымдастығымен және ел ішіндегі, сондай-ақ шетелдегі көптеген қоғамдық ұйымдармен өзара іс-қимылды күшейту басты міндет болып табылады.

 

Саяси реформаларды іске асыруға жедел араласқан Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі қоғамдық диалогты дамытуға жаңа серпін берді. Және бұл жұмыс одан әрі жалғасуда.

 

Орын алып жатқан өзгерістердің негізгі мақсаты – бүкіл мемлекеттің орнықтылығы мен жұмыс істеу тиімділігін арттыру. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы тек құқық үстемдігі мен азаматтарымыздың мүдделерін қорғаусыз арқылы сәтті іске асырылуы мүмкін емес.

 

Адам құқықтарын қорғайтын мемлекеттік және мемлекеттік емес институттар әртүрлі әлеуметтік және саяси сын-қатерлерге және азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарының бұзылу тәуекелдеріне сезімтал болуы тиіс.

 

Бүгінгі Қазақстан – бұл саясаты адамның лайықты өмірі мен еркін дамуына қолайлы жағдай жасауға бағытталған әлеуметтік мемлекет. Ел саясатының әлеуметтік бағыттылығының арқасында еліміз БҰҰ Орнықты даму мақсаттарына жеткізетін «2030 жылға дейінгі күн тәртібінің» «ешкімді артта қалдырмау» түпкілікті қағидатын жүзеге асыруды сенімді түрде дамытуда. Бұл қағидат азаматтардың экономикалық, саяси және қоғам өмірінің басқа салаларына толыққанды қатысуын қамтамасыз ету үшін мемлекетімізде жүргізіліп жатқан саясаттың негізінде жатыр.

 

Орнықты даму тұжырымдамасы қоршаған ортаны қорғау мен экономикалық өсудің теңгерімін, теңдік пен әділдікті, жеке адамның, қоғам мен мемлекеттің мүдделерін және т.б. қамтамасыз етуге бағытталған. Сондай-ақ түпкі нәтижесінде орнықты даму жеке адамға, оның құқықтары мен бостандығына бағытталған.

 

Адам құқықтары саласындағы іс-қимылдың Ұлттық жоспарының ұсынымдарын іске асыру Қазақстанға құқықтық мемлекет құруда, адам құқықтарын қорғаудың мемлекеттік және қоғамдық тетіктерін нығайтуда, дамыған азаматтық қоғам қалыптастыруда тақырыптық прогресске қол жеткізуге мүмкіндік берді.

 

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл мен Бала құқықтары жөніндегі уәкіл институттары адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау жүйесіндегі маңызды тетікке айналды. Осындай құқық қорғау құралдарын құру – Қазақстандағы демократияны тереңдетудің халықаралық қоғамдастық жоғары бағалаған маңызды қадамы болды.

 

Бүгінгі таңда қоғамның адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау деңгейін әрі қарай арттыруға деген сұранысы Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі институттардан нәтижелілікті, жұмыстың жаңа түрлерін іздеуді, қолда бар құралдарды пайдалану тиімділігін арттыруды талап етеді.

 

Біз көп нәрсеге қол жеткіздік, бірақ алда әлі көп жұмыс бар. Жыл сайын адам құқықтары күні бүгінгі жетістіктерімізді бағалауға және ертең азаматтарымыздың құқықтарын қалай қорғайтынымызды түсіну үшін себеп. «Жол жүрсе өңеді» дегендей, адам құқықтарын қорғау үшін жаңа тиімді шаралар қабылдау өте маңызды.

 

Бүгін Қазақстан бүкіл әлем секілді азаматтардың интернеттегі қудалаудан қорғансыз екендігіне тап болды. Біріншіден, балалар одан зардап шегеді. Президентіміз балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі басқа да шараларды күшейту, атап айтқанда, Бала құқықтары туралы конвенцияның Факультативтік хаттамасына қосылуды тапсырды.

 

Азаптауларға қарсы күрес жөніндегі ұлттық заңнаманы одан әрі жетілдіру мәселесі де өзектілігін сақтауда. Мемлекет басшысы Азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын әрекеттерге қарсы халықаралық конвенцияның ережелеріне сәйкес келтіруді тапсырды.

 

Адам саудасына қарсы күрес біздің басты назарымызда. Құқық қорғау органдары мұндай қылмыстарды тергеу рәсімін жақсартуы керек. Заңды бұзғандар сот тәртібінде қатаң жазалануы тиіс.

 

Қылмыстық саланы ЭЫДҰ дамыған елдерінің үлгісі бойынша жаңғырту қажет. Бізге азаматтардың құқықтарын уақытылы қорғауды қамтамасыз ететін және жоғары халықаралық стандарттарға сай келетін модель қажет.

 

Дәл осы басымдықтар Мемлекет басшысының жақында Қазақстан халқына Жолдауында тұжырымдалған болатын.

 

Осылайша, мемлекетіміздің осы кезеңдегі негізгі мақсаты азаматтардың әлеуметтік қорғалуын нығайтуда, балалардың, қарттардың, әйелдердің, жастардың жағдайын жақсартуда, этникалық және діни топтардың, мүмкіндіктері шектеулі адамдардың және халықтың басқа да осал топтарының құқықтарын сақтауда, адам құқықтарын қорғаудың соттан тыс тетіктерінің жұмыс істеуінде.

 

Адам құқықтарын қорғау мәдениетінің қалыптасуына, ұлттық демократиялық институттардың дамуына және құқықтық мемлекеттің нығаюына Қазақстанның Адам құқықтары мәселелері бойынша халықаралық әріптестермен белсенді ынтымақтастығы өзінің оң септігін тигізеді. Осыған байланысты біз адам құқықтарын қорғау және көтермелеу саласындағы мемлекетаралық ынтымақтастыққа үлкен мән береміз. халықаралық аренада адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын көтермелеу мен қорғауда басты міндетті БҰҰ атқаруға тиіс екеніне сенімдіміз. Әртүрлі қоғамдардың даму ерекшеліктері мен дәстүрлерін, әсіресе, олардың мәдени, діни және тарихи құндылықтарын ескеру маңызды. Бұл тақырып халықаралық ұйымдардың, соның ішінде ЕҚЫҰ, ИЫҰ және тағы басқалардың қызметтерінде де өзекті.

 

Қазақстан алдағы уақытта да адам құқықтары мен бостандықтарын көтермелеу және қорғау саласындағы халықаралық өзара іс-қимылды дамытуға өзінің елеулі үлесін қосуға ниетті. Біз адам құқықтары бойынша барлық мемлекеттермен, үкіметтік және үкіметтік емес тараптармен сындарлы және өзара сыйластыққа негізделген диалог жүргізуге ашықпыз.

 

Адам құқықтары тек заңдық қана емес, моральдық-этикалық өлшемге де ие екенін бәріміз түсінеміз. Сондықтан адам құқықтарын іске асыруға қатысатын барлық қатысушылардың өз әрекеттері үшін жауапкершілікке қатысты ортақ түсінік қажет.

 

Бүгінгі күні адам құқықтарын сақтау барлық адамдар үшін шындыққа айналуы үшін айтарлықтай күш-жігер қажет. Осы ретте адам құқықтары саласындағы білім маңызды рөл атқаруы тиіс, себебі жаңа ұрпақ өздерінің ажырамас құқықтары туралы біліп, оларды іске асыру және қорғау мүмкіндігіне ие болуы керек.

Авторы: Мұхтар Тілеуберді, 

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі